Egemen.kz сайтының ақпараты бойынша, Алматыда болған бүлік кезінде ғимаратқа үлкен залал келіп, 16 мыңға жуық бейнетаспа жинақталған «Алтын қордың» жерасты қоймалары мен цифрланған видеоматериалдар сақталған серверлер бөлмесі жанып кетті.
Бұл серверде осы күнге дейін цифрланған бейнематериалдардың бір бөлігі сақталған (басым бөлігі Нұр-Сұлтан қаласында). Сонымен қатар өрт сөндіру кезінде қоймаларды су басқан.
Өртенген сервердің жады және кассеталар мен пленкалардың жарамдылығы толық техникалық тексерістен соң айқындалады. Себебі қазіргі кезде қауіптілігіне байланысты ғимаратқа кіруге мүмкіндік жоқ. «Алтын қордың» видеоматериалдары туралы мәлімет тексеру нәтижесінен кейін қайта хабарланады.«Қазақстан» РТРК Басқарма төрағасының орынбасары Мақпал Жұмабай.
Еске сала кетейік, корпорация цифрландыру бойынша кешенді жұмыстардың жалғасы ретінде өткен жылдың соңында «Алтын қор» жауһарларын көпшілікке таныстырып, кез келген елден еркін көруге мүмкіндік беретін арнайы порталын ашты.
Қазір мұнда 1500-ге жуық видео, 700 аудиоматериал бар.