"ҚазАвтоЖол "ҰК" АҚ мәліметі бойынша, ауа райының нашарлауына байланысты алты өңірде, атап айтқанда, Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Батыс Қазақстан облыстарындағы республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар жабылды. ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли
ТЖМ шұғыл штабы жол қызметтері, ІІМ, Қазгидромет және жергілікті атқарушы органдармен тұрақты ведомствоаралық өзара байланыс орнатып, төтенше жағдайдағы әрекет ету іс-қимылдарын бір жолға қойды.
Жолдардың жабық учаскелерінде қар тазалау техникалары жұмыс істеп жатыр, жол бойына құтқарушылар мен полицейлерден тұратын бекеттер қойылды. Жылынып алу пункттері дайындалды, жиналып қалған жағдайда автоколонналарды жол полициясы қызметкерлерінің, арнайы жол тазалау техникасының бастап жүруімен кезең-кезеңмен коридор арқылы өткізу жүзеге асырылады.
Азаматтарды ауа райындағы өзгерістерді бақылауға шақырамыз. Дауыл туралы ескертпе хабарламаларын елеусіз қалдырмай, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар. Қысқы кезеңде елдімекендер арасындағы жолға шықпас бұрын міндетті түрде ауа райы болжамына зер салып, қауіпсіздікті алдыңғы қатарға шығарған жөн. ҚР ТЖМ баспасөз қызметі