ҚР Ішкі істер министрлігінің ақпараттық ресурсы қару таратқандар 19-20 жас аралығындағы жас жігіттер екенін жазды.
Анықталғандай, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде күдіктілер қару-жарақ дүкенінен қару алып шығып, Республика алаңына жиналғандарға тарата бастаған. Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іс-шаралар барысында күдіктілердің жеке басын анықтады. Олар қаладағы базарлардың бірінің аумағында ұсталды. Қазіргі уақытта айыпталушылар қамауда отыр. Олардың жеке басын басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын міндетті түрде тексереміз. Полиция департаменті бастығының орынбасары Берік Әбілбеков
Айта кетейік, бүлікшілерге қару таратып жатқан сәт қайғылы оқиғаның куәгерлерінің камерасына түсіп қалған. Кейіннен бұл видео әлеуметтік желілер арқылы көпшілікке жарияланды.
Біз қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасадық. Бізді осылай жасауға мәжбүр еткен бір топ адам болды. Сосын біз ұрлаған қару-жарақтың жартысын өздеріне алып алды, автоматтарымен сілкіп тұрды. Мен ақ түсті Lexus көлігін жүргіздім, – деді бірінші күдікті.
Ал екінші күдікті маска киген, автомат пен пышақпен қаруланған адамдар қаруды тез алып шығып, таратуға бұйырғанын айтты. Ол қорыққандықтан, айтқандарын істеуге мәжбүр болғанын атап өтті.
Полиция бұл топтың үйлестірушісінің жеке басын және ұсталғандардың әрекетінің шынайы себебін анықтауға кірісті. Еліміздің Қылмыстық кодексінің бірден бірнеше бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.