Қонаевта балық шабақтарының жаппай қырылуы: су мен топырақтан сынама алынды

2 қарашада Instagram-да қырылып жатқан балық шабақтарының видеосы жарияланды. Осыған байланысты жұмыс тобы құрылып, Қапшағай су қоймасына тексеруге аттанды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жұмыс тобына Балқаш-Алакөл облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясы, экология және полиция департаменттері, ветеринариялық қызметтер, жергілікті атқарушы орган, Қонаев қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы, Қонаев қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, "Қазгидромет" РМК және "Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС қызметкерлері енді.

"Айна Су" ЖШС-не кәсіпшілік балық аулау үшін бекітілген Қапшағай су қоймасының № 11 балық шаруашылығы телімінің жағалау жиегі бойында "Арыстан тауы" маңында жалпы салмағы шамамен 350-400 кг болатын балық шабақтарының (қаракөз) қырылуы анықталды.

Қазіргі уақытта қырылған балық шабақтарды нормаға сәйкес жою үшін жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қырылған балық шабақтарының жалпы салмағы жиналғаннан кейін қосымша хабарланатын болады, делінген хабарламада.

Балық шабақтарының қырылу себебін анықтау үшін Қонаев қаласы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы, Алматы облысы бойынша экология департаменті және "Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы" ЖШС мен "Қазгидромет" РМК мамандары тиісті акт жасай отырып, су, топырақ және балық сынамаларын алды.

Сынама нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады.

Балықтардың қырылу фактісін Қонаев қаласының полиция басқармасы тіркеді.

Қонаев
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: