Сарыағаш ауданына қарасты мектептердің бірінде мұғалім директор орынбасарының сөзінен кейін өз-өзіне қол жұмсаған. Мұғалімнің сөзінше, бұған дейін де "тиісіп келген". Былтырғы қыркүйекте құқық қорғау органдарына арызданған да екен. Оның айтуынша, директордың орынбасарына шындықты айтқаны жақпай қалған. Бұл туралы otyrar.kz хабарлады.
"Мен арызданғаннан кейін ұжым алдында жиналыс жасап, мені балағаттап, ар-намысыма тиетін сөздер айтты. Ол сөздерді ашық айтатын болсам, мен ол сөздерді айтуға да қиналамын, бірақ ашық айтар болсам, мені сол жерде жезөкшеге теңеді. Өзімді өте қатты төмен санадым. Сондай сөзге лайықпын ба деп, неге үнемі ар-намысыма тиеді дедім. 6 жылдан бері сол нәрсені көріп келе жатырмын. Қатты ызам келді. Ойыма сол кезде уксустан басқа ешнәрсе келген жоқ. Соны ішіп, бірнәрсеге жетем деп ойлаған жоқпын, бірақ қатты ашуда, қатты ызада тұрдым. Сол себепті іштім. Өлгім келді", – дейді жәбірленуші.
Ал аудандық ауруханадағылар жәбірленушінің қазіргі жағдайы "қанағаттанарлық" екенін айтты.
"Ауыз қуысы химиялық жеңіл күйігінен кейінгі жағдай. Қаназдықтың орташа дәрежесі диагнозымен жатқызылды. Ем протокол бойынша тағайындады. Қазіргі жағдайы қанағаттанарлық", – дейді Сарыағаш аудандық ауруханасы терапия бөлімінің меңгерушісі Құралай Әбілмаженова.
Сарыағаш ауданындағы мектептердің бірінде орын алған бұл оқиға ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігі, яғни "Өзін өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша тіркелген.
"20 қаңтарда Сарыағаш АПБ-ға орталық ауруханадан жергілікті тұрғынның сірке суына уланып түскені туралы хабарлама келді. Полиция қызметкерлері бірден оқиға орнына шықты. Анықталғандай, жәбірленуші аудан мектептерінің бірінде қызмет істейді. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 105-бабы 1 бөлігі "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бойынша тіркелді. Қажетті тергеу әрекеттері жүргізіледі және болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталады", - деп хабарлады Түркістан облысы полция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда жәбірленушіге қатысты сот-медициналық сараптамасы тағайындалып, тергеу-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр.