Шымкентте пәтер ұрлығының 9 дерегіне қатысы бар азамат ұсталды

Шымкент қаласы полиция департаменті криминалдық полиция қызметкерлері қала аумағында бөтеннің мүлкін ұрлаумен айналысқан күдіктіні ұстады. Оның 9 пәтер ұрлығына қатысының бары белгілі болды.

Мәселен, Еңбекші аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданып, үйінен құны 500 мың теңге тұратын құрылыс материалдары мен 500 мың теңге тұратын алтын бұйымдары ұрланғанын жеткізген. Тағы бір жәбірленуші пәтерінен құны 70 мың теңге тұратын велосипед ұрлағанын хабарлаған.

Осыған ұқсас мәлімдемелермен тағы бірнеше жергілікті тұрғын полиция басқармасына жүгінді. Криминалдық полиция қызметкерлерінің жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті анықталды. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.

Жасы – 41-де. Бүгінгі таңда күдікті ер азамат қамауға алынды. Тергеу барысында анықталғандай, күдікті қала тұрғындарының пәтерлеріне кіріп, содан кейін үйдегі алтын бұйымдар мен ақшаны жымқырып отырған. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі шамамен 2 млн теңгені құрайды.

Ұрланған алтын бұйымдардың бір бөлігі, сондай-ақ басқа да заттай дәлелдемелер тәркіленді.

Қазіргі уақытта аталған жайттар ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығын анықтап жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: