"Кездесу жақсы өтті, әрине, таңертең қобалжыдым, Болат Жамитұлымен бірге бардық, жалпы ойдағыдай өтті. Болашақ жоспарларым туралы айтып бердім. Алдағы матчтар туралы сөйлестік. Бұған дейін жеткен жетістігіме құтты болсын айтты". Елена Рыбакина
Рыбакина сонымен бірге Президенттен сыйлық алғанын айтты.
«Сағат және орамал сыйлады», - деді теннисші.
Ал теннисші Президентке кітап сыйлағаны белгілі болды.
Сурет: Zakon.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі таңда елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданатынына тоқталды. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, "10 жасқа дейінгі теннис" секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.
14-15 сәуір күндері Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.
Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған отандық теннисшілерге сәттілік тіледі.
Еске салайық, бір күн бұрын Ақордағы әлемдік деңгейдегі жұлдыз келетіні хабарланды. Бүгін Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина келді.