Петропавлда төтенше жағдай режимін жариялау жоспарлануда

7 мамырда Петропавл қаласында ірі өрт болды. Қамыс өртеніп, қызыл жалын жеке секторға ұласты. Салдарынан 9 үй толықтай жанып кетті, тағы 2 үй жартылай бүлінді. Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев зардап шеккендерге қандай көмек көрсетілетінін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Өрт салдарынан баспанасыз қалған жанұяларды уақытшы тұрғын үймен қамту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 8-9 мамыр күндері 7 жанұяны жалдамалы пәтерлерге орналастырдық. Пәтер ақысын демеушілер есебінен төлейтін боламыз. Қазір тағы 4 отбасыға баспана іздестіріп жатырмыз. Тұрғын үйлерді отбасы мүшелерінің саны мен мектеп жасындағы балалардың мектебінің орналасуына байланысты қарастырудамыз", деп жазды қала әкімі Руслан Аңбаев Instagram-дағы парақшасында.

Қала әкімі пәтерлерге орналастырылған жанұялар ең қажетті дүниелермен қамтылатынын да баса атап өтті. Яғни, жеке гигиена заттары, тұрмыстық химия мен азық-түлік берілді.

"4 отбасыға бұның барлығы пәтер табылғаннан кейін беріледі. Бүгін құжаттарды қалыпқа келтіру жұмыстары басталды. Сондай-ақ, мамырдың 8-інен қалалық мәдениет үйінде гуманитарлық көмек жинау пункті жұмыс істеп тұр".Руслан Аңбаев

Ол көмек қолын созып жатқан кәсіпкерлер мен қала тұрғындарына алғысын да жеткізді. 

"Мамырдың 8-і ашық үкіметтік емес ұйымдардың сайтында Петропавл қаласында ТЖ режимін жариялау бойынша жоба жарияланды. Талқылаудан өткен соң, әділет органдарында тіркеледі. ТЖ режимі аясында зардап шеккендерге барында материалдық көмек көрсетіледі.Тұрақты баспана мәселесі шешілгенше отбасылар жалданған пәтерлерді паналайды. Қиын жағдайға тап болған тұрғындарды біз жалғыз қалдырмаймыз", деп жазды әкім.

Айта кетсек, 7 мамырда кешке қарай Петропавл маңындағы қамыс өртенген, кейін желдің салдарынан от жекеменшік үйлерген түскен. Ресми мәліметке сәйкес, 9 үй өртенген, оның жетеуінде адамдар тұрып жатқан. 40 адам эвакуацияланғаны да айтылды. 

Петропавл
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: