Қызылордада қураған шөп өртеніп, қызыл жалын 6 гектар аумаққа тараған

Қызылордада Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан Шіркейлі каналының шетіндегі қураған шөп өртенген. Аптап ыстық пен соққан жел өртті сөндіруде белгілі бір қиындықтан туғызғаны айтылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл туралы 12 маусымда сағат 14-ден 52 минут өткенде Қызылорда облысы ТЖД-ның "112" пультіне хабарлама келіп түскен.

Өрт орнына өрт сөндірушілер дереу жолға шықты. Өрт сөндірушілердің барлау жұмыстары нәтижесінде оқиға орнында шамамен 6 гектар жер өртеніп жатқандығы анықталды.

"Өртті сөндіру барысы қатты желдің соғуына және қолайсыз ауа райына байланысты күрделенді. Шұғыл қызметтің жедел әрекеттерінің арқасында өрт сағат 17-ден 25 минут өткенде оқшауланып, сағат 18-ден 10 минут кеткенде толығымен сөндірілді. Қызылорда облысының Өрт сөндіру қызметінің, Апаттар медициналық орталығының, Жергілікті полиция қызметі басқармасының, "ҚазТрансГазАймақтың", жергілікті атқарушы органның барлығы 76 қызметкері 17 техникасымен жұмылдырылды". Қызылорда облысы ТЖД баспасөз қызметі

Қызылорда облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтарды өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға шақырады.

Қызылорда
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: