Эльдар Исмайылов әріптестерімен бірге жұмысқа бара жатқанда будақтаған қара түтінді көрген. Олар көп ойланбастан көлігін тастап, көмекке ұмтылған.
"Үйге кірдік, дем алу мүмкін емес еді, түтін, ыстың иісі қолқаны алады. Адамдар кілем, матрастарын алып шығып, жая бастады. Алтыншы және жетінші қабаттың терезелерінен адамдар секіре бастады. Балалар секірді, арасында әйелдер де бар. Кран келді. Біз кранмен жоғары көтеріліп адамдарды құтқара бастадық. Есіміз шығып кеткен, барлығын автоматты түрде істеп жаттық". Эльдар Исмайылов
- Өзіңізді қалай сезінесіз?
- Жақсы, бірақ түтін көп жұтып қойғандықтан болар, тамағым ауырып, жүрегім айнығаны болмаса. Бәрі жақсы.
Тағы бір адам мұнда Түркияның Сивас қаласынан келген екен. Ол іргелес құрылыс нысанында құрылысшы болып жұмыс істейді екен.
"Өртті көргенде бірден көмекке жүгірген. 16-қабатта үш бала мен бір әйелді байқадым. Олар тұншығып, дем ала алмай жатты. Кішкентай сәби болды. Шамамен екі айлық. Ол жаққа кранмен көтерілу мүмкін емес екенін білдім. Сондықтан троспен биік қабатқа көтеріліп, үш баланы төменге түсірдім". Шүкір
- Қорыққан жоқсыз ба?
- Жоқ, шырылдаған балаларды көргенде қалай шыдап тұрасыз, ондайда қауіп-қатер дегенді ұмытып кетеді екенсіз.
Тұрғындарды өртенген ғимаратқа қайта кіргізуге рұқсат етілмепті, өрт сөндірушілер бұл ара, әзірге қауіпті екенін айтады. Өрт сөндірілгенімен, түтін мен ыс иісі кете қоймаған. Бірақ тұрғындарға пәтерлеріне кіріп, заттарын алуға рұқсат етілді.
Волонтерлар №181 мектепте түнеу үшін уақытша баспана ұйымдастырды. Оларға тамақ, киім-кешек берілді.
1 тамызда Алматыда Ақкент ықшам ауданында көпқабатты үйлердің бірі өртенді. Бас сауғалаған адамдар терезеден секірді. Өрт орнынан түсірілген видеолар әлеуметтік желілерде пайда болды. 300 адам эвакуацияланып, 70-ке жуық адам құтқарылды.
Сағат 18:46-да өрт сөндірілді.
Ауруханаларға 31 адам жеткізілді, оның 16-сы - балалар. Қаза тапқандар жоқ.
Бірқатар шетелдік жаңалық қызметтері Алматы болған өрт туралы ақпарат беріп, оқиға орнынан түсірілген видеоны көрсетті. Видеода жоғарыдан лақтырған балаларды төмендегі топ адамның кілеммен қағып алғаны көрсетілген.