Қазіргі уақытта Профессор Х.Ж. Мақажанов атындағы көпсалалы ауруханада зардап шеккен 20 кенші емделіп жатыр, деп жазды ҚР премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы.
Бас дәрігер Еркін-Дәуір Құрманғалиевтің айтуынша, пациенттер әртүрлі аппараттарды, соның ішінде КТ және УДЗ қолдану, сондай-ақ түрлі сала мамандарын тарту арқылы толық тексерілді. Олардың көбіне газ тиген, алайда барлығының жағдайы тұрақты, еш қауіп төніп тұрған жоқ.
Премьер-министр зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуге тиіс екенін атап өтті.
"Барлығыңызға тезірек сауығып, отбасыларыңызға аман-есен оралуларыңызды тілеймін", – деді Әлихан Смайылов.
Кеншілердің бірі қаза тапқан әріптестерінің отбасына қандай көмек көрсетілетінін сұрады.
"Бұл – шынымен де өте ауыр қасірет. Қайғыларыңызға ортақтасып, көңіл айтамыз. Бүгін Мемлекет басшысы қаза тапқандардың отбасыларына қажетті қаражат бөлу туралы тапсырма берді. Толығымен қолдау көрсетеміз: баспана, несиелерді өтеу, балаларды оқыту, біржолғы төлемдер – мұның барлығымен қамтамасыз етеміз", – деді премьер-министр.
Қарағанды облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болып, бастапқыда төрт адам қаза тапты. "АрселорМиттал Теміртау" АҚ Қарағанды облысындағы Костенко шахтасында алдын ала болжам бойынша, метан жарылғанын мәлімдеді. Өрт шыққан кезде шахтада 252 кенші болған. Оқиға орнына жеткен құтқарушылар 204 кеншіні сыртқа шығарды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы жағдайға байланысты 29 қазанды елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.
Шахтадағы кезекті апаттан соң "АрселорМиттал Теміртаудың" меншік құқығы Қазақстанға берілетін болды.
ҚР ТЖМ таратқан мәлімет бойынша, Костенко шахтасында 32 адам қаза тапқаны белгілі болды.