Полиция ауыспалы нөмірлерден келген 43 миллионнан астам қоңырауды бұғаттаған

Ішкі істер органдарының алдында тұрған ең басты міндеттердің бірі – киберқылмысқа қарсы күрес. Себебі Қазақстанда кейінгі жеті жылда интернет-алаяқтық саны 10 есеге, яғни екі мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен.

Биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірген. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.

Биыл жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде үш мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйек айында Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар үш күдікті ұсталды. Олардан ұялы телефондар, ноутбуктер тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын – 80 млн теңге. Желтоқсан айында елордада полицейлер төрт алаяқтық сall-орталықты анықтады. Тінту іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 170-тен астам ноутбук пен желілік жабдықты тәркіледі. 

Биыл 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар 15 қарашадан бастап Қазақстан тұрғындарының стационарлық телефондарына келіп түсетін халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар қарыз алу рәсімдері sms арқылы растау және биометрия жүйесімен күшейтілді.

"Киберқылмыстың өсуі және оның жаңа түрлерінің пайда болуы тек Қазақстан мен ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан да оларды ашу қиынға соғып жатады. Қылмыскерлер түрлі анонимді, шет елдерде орналасқан сервистерді пайдаланады, – деп атап өтті ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.
Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: