Атырауда ауадағы күкіртті сутегі шекті мөлшерден асып кеткені анықталды

Атырау тұрғындары әлеуметтік желіде қаланы жағымсыз иіс басып алғанына жаппай шағымданды. Осыған байланысты 25 наурызда Атырау облысы бойынша экология департаментінің мамандары зерттеу жүргізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атырау облысы бойынша экология департаментінің зертханалық-талдамалы бақылау бөлімінің мамандары 2024 жылдың 25 наурызында қаладағы жағымсыз иіс бойынша ауа сапасын бақылау станцияларының атмосфералық ауа сапасына мониторинг жұмыстарын жүргізді.

"Air kz" желісі мәліметіне сәйкес, 2024 жылдың 25 наурыз күні күкіртсутегі ластаушы заттары бойынша № 112 "Акимат", № 113 "Авангард", № 109 "Восток" автоматтандырылған ауа сапасын бақылау станцияларында күкіртсутегінен 16 есе дейін рұқсат етілген шекті шоғырланудан асу фактісі тіркелді". Атырау облысы бойынша экология департаменті

Ведомство мәліметінше, бұл күні көшпелі бұлт жүріп, күн райы жауын-шашынды болды. Солтүстік- батыстан соққан желдің екпіні 5-10 м/с құрады. Ауа температурасы түнде 4-6, күндіз 12-14 градус жылы болды.

"Бұл бағытта Атырау қаласының оң жақ бөлігінде "Квадрат" су булану алаңы, "Тазалық" бағдарламасымен су булану алаңын қалпына келтіру жұмыстары (рекультивация) жүргізіліп жатыр", деп нақтылады өңірдегі экология департаменті.

Сондай-ақ Атырау облысы бойынша экология департаменті "Қазгидромет" РМК-ның Атыраудағы филиалының сынақ зертханасы мамандарымен бірлесіп Атырау қаласының ауа сапасына қосымша мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатқаны да нақтылайды.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: