"Ақтөбе облысы Қобда ауылындамыз, сеть ұстайтын аймаққа енді шықтық. Жағдай қиын. Былтыр ғана Үкімет салып берген жаңа үйлер су астында тағы қалды, бір жыл өтей жатып. Неге? Өйткені өзен жылда тасиды. Бұл араға үлкен дамба керек, ауылды қоршап тұратын. Оның жобасы қолға алынған. Бірақ оны прокуратура тоқтатып тастаған. "Жоба дайын емес" деген сылтаумен", - дейді төтенше жағдай орын алған орыннан түсірілген видеода депутат.
Сондай-ақ Мәжіліс депутаты Берсиев ауылында жағдай қиын екенін нақтылайды.
"Күндіз-түні Ақтөбе облысында үйі суға кеткен ағайынның қасында жүрміз. Шынын айтқанда бірдеңе деп жазба жазуға мұрша жоқ. Жағдай қиын. Құр жүрген жоқпыз. Еріктілерге рақмет! AMANAT партиясы тарапынан қолдан келгенше көмек көрсетіп жатырмыз. Қазір бастысы адам шығыны болмасыншы деп тілейікші. Берсиев сияқты ауылдарды толық қызыл су шайып кетті. Қорқынышты. Тұрғындар мектептің екінші қабатында отыр. Тікұшақ қонатын жер жоқ", деп жазды Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетсек, Ақтөбе облысында су бөгеті бұзылып, жергілікті халық эвакуацияланды.