Полиция Жапония мен Кореяға виза рәсімдеп беремін деген күдіктіні ұстады

Алматы полициясы азаматтарға Жапония мен Кореяға виза рәсімдеп беремін деп жалған уәде берген күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Департамент Түркістан облысының тумасы бірқатар алаяқтық жасады деп күдіктелгенін атап өтті.

"Әлеуметтік желілердің белсенді қолданушысы өз блогында Жапония мен Кореяда ақша табудың жолдары туралы айтып, қажетті құжаттарды оп-оңай, кедергісіз рәсімдеп беруге уәде берді. Жақсы жарнамаланған блогтың 10 мыңнан астам жазылушысы және "клиенттердің" таусылмайтын ағыны жас жігітке жалған визаларды рәсімдеуге бастау болған",- делінген хабарламада.

Ведомство 22 жастағы күдіктінің ұсталғанын атап өтті.

"Тергеудің осы кезеңінде оның үстінен 15 адам полицияға арыз түсірген. "Қызметі" үшін алдын ала 100 мың теңгеден 500 мың теңгеге дейін ақша алған. Алданған адамдар бұдан да көп болуы мүмкін",-деді Медеу аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Тимур Мулинов.

Полиция күдіктінің заңсыз әрекеттерінен зардап шеккен азаматтардың мына телефон нөмірлеріне хабарласуларын сұрайды: 8-707-142-01-11 және 8-702-777-11-40.

Бұған дейін Алматыда полицейлер 32 жастағы азаматты ұстады. Ер адам бірқатар алаяқтық жасады деп күдіктелуде. Бұл туралы 2024 жылдың 14 мамырында қалалық полиция департаменті мәлімдеді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: