KTK-ның жазуынша, "Шаңырақ 2" шағын ауданының тұрғындары мәселе туралы жергілікті шенеуніктердің есігін қағып шаршаған.
"Бұл әкімшілік өткен жолы жиналыста "сәуір айында кәріз жүйесі қосылады, бәрі дұрыс болады" деп, өздері уәде берген болатын. Уәдесінде тұрмады. Соның кесірінен кейбір көшеде,кейбір ағайын кәріз суын қосып жіберіп, ол жүрмей, жолдың бетіне шығып, жұқпалы аурулар тарауына тікелей себепкер болып отыр".Шаңырақ-2 ықшам ауданының тұрғыны Дүйсенбай Сығаев
Мұнымен қоса, амалы таусылған тұрғындар айына үш-төрт рет кәріз суын сорғызу үшін өз қалтасынан ақша төлейді екен. Айта кетерлігі , мәселе күні кеше емес, сегіз жылдан бері бар болып шықты.
"Дайын тұрған кнс-тар бар, қосылуға дайын тұр. Бірақ бізде "Тоспа су" өз жұмысын дұрыс істемейді. Люктердің бәрін дұрыс тазаламайды. Соның кесірінен біз қосылуға дайын тұрған люкке қосыла алмай тұрмыз. Ал "Тоспа судың " айтатыны күнде ертең. Айтатыны — өтірік. Өтірік есеп береді",- дейді Шаңырақ-2 ықшам ауданының тұрғыны Батима Әубәкірова.
Жағдайға әкімдіктегілер де қанық екен. Олар кәріз жүйесін маусым айында толық аяқтаймыз деп уәделерін үйіп төкті.
"Біз "Алматы суға" тапсырма бердік. Төрт бригада ертеңнен бастап толыққанды жұмысқа, кәріз жүйесін тазалауды бастайды. 2019 жылы кәріз жүйесі салынған.Салынып дайын тұрды. Оның қосылғаны да бар. 20-21-де қосылған, дегенмен осы бес көше толық қосыла алмай тұрды. Маусым айының соңына дейін аяқталады".Абай Топарбай, Алатау ауданы су және сумен жабдықтау бөлімінің бас маманы
Әкімдіктің сөзіне сенсек, жағдайдың қалыпқа келуіне аз қалды. Келесі айда мәселе толығымен шешімін таппақ.