Шамамен дәл осы уақытта қала полициясы ҚР Терроризмге қарсы орталығының қолдауымен Алматы аумағында терроризмге қарсы жаттығулар өткізіліп жатқандығы туралы ақпарат таратты.
Сурет: Zakon.kz
"Оқу-жаттығудың мақсаты-құқық қорғау және арнайы органдардың күштері мен құралдарының террористік сипаттағы түрлі қауіп-қатерлерге ден қоюға дайындығын тексеру. Оқу міндеттері террористік тұрғыдан осал объектілерде терроризм актісінің жолын кесу тетігін жетілдіруге бағытталған", — деп хабарлады Алматы қалалық терроризмге қарсы күрес жөніндегі жедел штабы.
Оқу-жаттығу өткізу кезеңінде шектеу шаралары көзделетін болады. Осыған байланысты терроризмге қарсы күрес жөніндегі Алматы қалалық жедел штабы қала тұрғындарын жүргізіліп жатқан оқу іс-шараларына, көлік пен халық қозғалысының ықтимал уақытша шектеулеріне түсіністікпен қарауға шақырады.
"Қала тұрғындары мен қонақтарынан қауіпсіздік шараларын сақтауды және тартылған мемлекеттік органдардың заңды талаптарын орындауды сұраймыз. ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 443 – бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысатын адамның заңды талабына бағынбау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соқтыратынын атап өткен жөн", — деп ескертті штаб.
Бұған дейін Орал қаласында 31 қазан күні терроризмге қарсы жоспарлы жедел-тактикалық оқу-жаттығу өткізілетіндігі хабарланған болатын.