2025 жылдың 6 тамызында ШҚО бойынша ҚАЖД баспасөз қызметі берген ақпаратқа сай, оқиғалардың бірі мереке күндері болды. Яғни қонақта отырған ер адам жанжалды тоқтатудың орнына, досының басынан бөтелкемен ұрған. Бұл әрекеті үшін ол 200 сағат қоғамдық жұмысқа тартылып, алкоголизмнен міндетті емделуге жіберілді.
Екінші жағдай тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты. Азаматтық некедегі әйеліне қол жұмсаған ер адам, әйелдің полицияға уақтылы хабарлауымен ұсталды. Ол 100 сағат қоғамдық жұмысқа жіберілді. Әйелі оның түзелуге ұмтылып жатқанын айтып, соттың берген мүмкіндігіне ризашылық білдірді. Қоғамдық жұмыс аяқталғаннан кейін ол жұмысқа орналасуды жоспарлап отыр.
"Қоғамдық жұмыс – бұл тек жаза ғана емес, сонымен қатар қоғамға пайда әкеліп, заңға бағынудың жаңа мүмкіндігі. Пробация қызметі сотталғандармен үнемі жұмыс істейді, олардың жұмыс кестесін бақылап, қиын жағдайдан шығуға көмектеседі". ШҚО ҚАЖД пробация қызметінің бөлім бастығы міндетін атқарушы Ернар Ильяшев
Сотталғандар тұрғын үй аумақтарындағы қоқыстарды жинап, жол бойындағы арамшөптерді қолмен жұлып жүр. Солардың бірі бұрын сыпырушы болып істегенін және ауданның әр бұрышын жақсы білетінін атап өтті.
Есепте тұрғандар күніне 4 сағаттан қала көшелерін тазалайды. Алайда олар қоғамдық жұмыстардың жай ғана жаза өтеу емес, заңға бағынуға берілген сынақ екенін ескеруі керек.
Егер олар жаза өтеу ережелерін елемей, жұмысқа шықпаса немесе кестесін бұзса, оларға қатаңдау жаза қолданылуы мүмкін - тіпті нақты түрме мерзіміне дейін.
Соттың үкімі толық көлемде орындалуы керек және оның сақталуы пробация қызметінің қатаң бақылауында. Бұл – есепте тұрғандар үшін түрмеден құтылып, қалыпты өмірге оралудың соңғы мүмкіндігі.