Бұған дейін әлеуметтік желіде көпқабатты тұрғын үйдің терезесінің жақтауына шығып алып, секіретінін айтқан бойжеткеннің видеосы тараған болатын. Саят Пшембаев өз өмірін қатерге тіге отырып, қайғылы оқиғаның алдын алды: ол тұрғын үйдің 14-қабатында қауіпке тап болған қызды құтқарып қалды. Оның батыл да жедел әрекетінің арқасында адам шығынына жол берілмеді.
ҚР Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әріновтің бұйрығымен Саят Пшембаев қызметтік міндетін атқару барысында көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін наградталды.
Министр құтқарушының іс-әрекеті батылдық пен кәсібиліктің үлгісі екенін атап өтті:
"Мұндай әрекеттер құтқарушының шынайы таңдауын көрсетеді, олар ең қиын сәтте адамдардың жанынан табылып, өзгенің өмірі үшін өз өмірін тәуекелге тігеді. Адамдарды құтқаруды өмірінің мәні деп білетін қызметкерлерімізді біз мақтан тұтамыз", – деді Шыңғыс Әрінов.
Айта кетсек, аталған оқиға 30 қазанда Иманбаев көшесіндегі "Алмалы" тұрғын үй кешенінде болған.