2025 жылғы сәуірде көлік полицейлері Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарының тұрғындарынан құралған алты адамнан тұратын қылмыстық топты ұстады. Тергеу барысында олардың 2024 жылғы тамыздан 2025 жылғы сәуірге дейін "ҚХР–Еуропа" халықаралық бағытымен қатынаған пойыздардың контейнерлерінен жүктерді жүйелі түрде ұрлап келгені анықталды.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында аталған топтың төрт ұрлық дерегіне қатысы бар екені дәлелденді. Ұрланған заттардың қатарында бейнебақылау камералары, балалар арбалары және көлік бөлшектері болған. Жүк иелеріне келтірілген жалпы материалдық залал 212 миллион теңгеден асты.
Қылмыстық топтың барлық мүшелерінің кінәсі толық дәлелденіп, келтірілген залал толық көлемде өтелді. Сот шешімімен олардың әрқайсысына 4 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Көліктегі полиция қызметкерлері жүк тасымалының қауіпсіздігін қамтамасыз ету және халықаралық көлік логистикасы қатысушыларының мүдделерін қорғау бағытындағы жұмыстарын жалғастыруда.