Әуе компаниясының әрекеті демалысты бұзды: жолаушыға өтемақы төленді ме

Фото: Zakon.kz
Қарағанды тұрғыны "Астана – Фукуок – Астана" бағыты бойынша жалпы құны 420 мың теңгеге төрт әуе билетін сатып алған. Алайда сапар жүзеге аспай, ол сотқа жүгінген.

Жоғарғы соттың баспасөз қызметі 2026 жылғы 27 қаңтарда хабарлағандай, әуе тасымалдаушы ұшуға бір тәулік қалғанда талапкерге рейстің тоқтатылғанын ескерткен. Бұған борттағы орын санынан артық билет сатылуы себеп болған.

Рейстің тоқтатылуына себеп – овербукинг, яғни әуе кемесіндегі орын санынан артық мөлшерде билеттердің сатылуы. Балама ретінде әуе компаниясы билеттердің құнын қайтаруды немесе бастапқы жоспарланған күннен 2 тәулікке кеш ұшатын "Алматы-Дананг-Алматы" бағытына ауыстыруды ұсынған.

274 мың теңге көлемінде ақшаның бір бөлігі қайтарылғанына қарамастан, жолаушы өзіне келтірілген материалдық шығын мен сапардың бұзылуына байланысты туындаған күйзеліс пен уайым түріндегі моральдық зиянды алға тартып, тур агенті мен әуе тасымалдаушыға қарсы сотқа талап қоюмен жүгінген.

Сотта тур агентінің өкілі талап қоюды қанағаттандырудан бас тартуды сұрап, агенттің шарт аясында өз міндеттемелерін толық орындағанын атап өткен.

Әуе тасымалдаушының өкілі де талап қоюды мойындамай, талап қоюшының шығындары сотқа жүгінгенге дейін өтелгенін алға тартқан.

Қарағанды қаласы Қазыбек би аудандық №2 соты істі қарау барысында "Қазақстан Республикасының әуе кеңістігін пайдалану және авиация қызметі туралы" Заңының 86-бабының 4-тармағына сілтеме жасап, жолаушыны уақтылы жеткізбеу және рейсті тоқтату үшін жауаптылық тікелей әуе тасымалдаушыға жүктелетінін көрсетті.

Тур агенті тасымалдауды жүзеге асыруға жауапты тарап болып табылмайтынын анықтаған сот, оның жол берілген бұзушылықтар үшін жауаптылығы жоқ деген қорытындыға келді.

Сонымен қатар, овербукингке жол беріп, рейсті тоқтатқан әуе тасымалдаушының әрекеттері жолаушыға келтірілген моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге негіз болып танылды. Осыған байланысты әуе компаниясынан 50 мың теңге мөлшерінде моральдық зиянды өтеу өндірілді.

Апелляциялық саты соты бірінші сатыдағы соттың қорытындыларымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

Қарағанды
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды