Нәресте өлімі, МӘМС, E-Densaulyq: Әлназарова Тоқаевқа не туралы есеп берді

Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарованы қабылдады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Президентке денсаулық сақтау жүйесінің қазіргі жай-күйі мен саланы дамыту перспективасы жөнінде есеп берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер туралы баяндалды. Министр жалпы және нәрестелер өлімі 15,3 пайызға төмендегенін айтты. Қазақстанда жұқпалы емес аурулардан мерзімінен бұрын қайтыс болғандар саны 25 пайызға азайды. Осылайша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мақсатты көрсеткішіне қол жеткізілді.

Мемлекет басшысына медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, алғашқы медициналық жәрдемді жетілдіру, скрининг бағдарламаларының аясын кеңейту және ана мен бала денсаулығын қорғау қызметін жаңғырту жөнінде айтылды.

Онкологиялық қызметті дамыту шаралары жалғасып келеді. Астана қаласындағы жаңа онкологиялық кешеннің базасында Протонды терапия орталығы ашылды. Қызылорда және Ақтау қалаларында 2 жаңа ПЭТ/КТ кешені іске қосылды. Барлық өңірде сарапшылық эндоскопия орталықтарының жұмысы жолға қойылды.

Ұлттық ғылыми онкология орталығы мен аймақтардағы бірқатар нысан құрылысы аяқталды.

Бұдан бөлек, МӘМС жүйесіндегі қаржыны бақылауды күшейту, соның ішінде қаражатты мақсатты жұмсауды мониторингтеу жүйесін автоматтандыру және медициналық қызмет көрсетушілерге талапты қатаңдату шараларына баса назар аударылды.

Министрлік Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Денсаулық сақтаудың бірыңғай цифрлық инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Жеке-жеке қызмет көрсететін ақпарат жүйелерін E-Densaulyq платформасына біріктіру қолға алынған.

Министр соңғы екі жылда фармацевтика өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемі 2,3 есе, ал дәрі-дәрмектің экспорты 1,9 есе өскенін баяндады. Дәрі-дәрмектің 400-ден астам түрін өндіру бойынша 6 инвестициялық келісім жасалды. Олардың жалпы құны 316,3 миллиард теңгеге бағаланған.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаевқа саланың кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету жөнінде ақпарат ұсынылды.

Президент медициналық қызмет сапасын арттыру, саладағы қаржылық тәртіпті қатаңдату, маман даярлау жүйесін жетілдіру, цифрлық жаңғырту жұмыстарын жеделдету және отандық фармацевтика өнеркәсібін өркендету бойынша бірқатар тапсырма берді.

Молния

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматыда бірқатар шағын аудандар мен көшелердің атауы өзгерді 

Парламенттік реформа бойынша референдум қашан өтетіні белгілі болды

Бүгін "Қадір түні": Оқылатын дұғалар мен жасалатын амалдар

Қазақстанда спорттың жоғары жетістіктерін қаржыландыру тәртібі бекітілді

Қазақстан экономикасы үшін маңызды белгі: инфляция төмендей бастады