Алматыда жол қауіпсіздігі – басты назарда: профилактикалық іс-шаралар күшейтілді

Фото: Zakon.kz/Оксана Даирова
Алматыда түнгі жарыстар мен қауіпті жүргізу деректеріне тосқауыл қойылды.

Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу дерегі тіркелді. Қалыптасқан ахуалды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция департаментінің саптық бөлімшелері күшейтілген рейдтік іс-шаралар жүргізуде.

Соңғы үш тәулік ішінде қала көшелерінде 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды. Мас күйінде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, олардың барлығы көлік жүргізу құқығынан айырылды. Сонымен қатар 369 азаматтың көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны белгілі болды.

Нәтижесінде 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды. Жүргізілген жедел-профилактикалық шаралар барысында қауіпті жүргізу, оның ішінде түнгі жарыстар ұйымдастыру деректері дер кезінде анықталып, жолы кесілді.

Бұдан бөлек белгіленген жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді. Ведомство мәліметінше, кейбір жүргізушілер өз құқық бұзушылықтарын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау арқылы жазасыздық иллюзиясын қалыптастыруға тырысады.

Алайда мұндай әрбір дерек құқық қорғау органдарының бақылауында: құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.

Соның айқын мысалы – Әл-Фараби даңғылында тіркелген оқиға. Жүргізуші көлігін сағатына 250 шақырымға дейін үдеткен. Оның жеке басы жедел түрде анықталып, ұсталды.

Бірнеше әкімшілік құқық бұзушылық бойынша материалдар рәсімделіп, сот шешімімен ол 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Полиция қауіпті жүргізудің орны толмас зардаптарға әкелуі мүмкін екенін ескертіп, барлық жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады.

Алматы
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Әшімбаев: Тоқаевтың реформалары ескі әлемдік тәртіп күйреп жатқан жағдайда жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

Ердоған Тоқаевты Антальяға шақырды

Актер Асқар Жұмабек 10 тәулікке қамалды

25 наурызға арналған ауа райы болжамы: жауын-шашынсыз, бірақ тұман түседі

Шымкент зообағында жаңадан туған аландарға ат қойғыңыз келе ме