Ерлі-зайыптылардың ажырасқанына бес жылдан асса да, ер адам әйелдің тыныштығын жүйелі түрде бұзуды жалғастырған. Оның бірнеше рет жасаған ескертулеріне қарамастан, ол мас күйінде үйіне келіп, сондай-ақ үнемі телефон соғып, әйелдің жеке кеңістікке және уақытын еркін пайдалану құқығын шектеген.
Сот ер адамды кінәлі деп танып, оған 90 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады. Жазаны өтеу үшін сотталған Абай облысы Жарма ауданының пробация қызметінің есебіне алынды. Онымен заңға бағынатын мінез-құлықты қалыптастыруға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық, тәрбиелік және құқықтық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Қазіргі уақытта ол ауылдық әкімдікте аумақты абаттандыру бойынша жұмысшы болып еңбек етуде. Бүгінгі күні ол он сағаттан астам уақытын өтеп үлгерді.
"Мен өз қателігімді толық түсіндім. Өз әрекеттеріммен бұрынғы жұбайыма мазасыздық туғызып, оның тыныштығын бұзғанымды енді түсінемін. Ол кезде мен өз әрекеттерім арқылы оны қайтарып аламын деп ойладым, ол менің сезіміме сеніп, қайта оралады деп үміттендім. Біздің үш кәмелетке толмаған баламыз бар, мен ең алдымен соларды ойлап, оларға үлгі болуым керек. Қазір мен өз мінез-құлқымды қайта қарап, өмірге деген көзқарасымды өзгертуге, зиянды әдеттерден бас тартуға тырысып жатырмын. Тағайындалған сағаттарды адал өтеуге, қорытынды жасап, мұндай әрекеттерді енді қайталамауға ниеттімін", — деді сотталған.
Пробация қызметінің негізгі міндеті — тек жазаның орындалуын бақылау ғана емес, сонымен қатар сотталғандарға әлеуметтік бейімделуге көмектесу. Осы азаматпен жұмыс барысында қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға және өзге адамдардың құқықтарына құрметпен қарау көзқарасын қалыптастыруға ерекше назар аударылуда, — деп атап өтті Жарма ауданыдық пробация қызметінің аға инспекторы Балым Зарыққанова.