Құжаттың қорытындысында бұл заңның мақсаты екі ел арасындағы ынтымақтастықты кешенді дамытуға қосымша серпін беру екені көрсетілген.
Шарт саяси, әскери, сауда-экономикалық, ауыл шаруашылығы, көлік-транзит, азық-түлік қауіпсіздігі, өнеркәсіп, су-энергетика, экология, цифрландыру, білім беру, мәдени-гуманитарлық салалардағы және өңіраралық ықпалдастықты кеңейтуді көздейді.
Құжатқа сәйкес, тараптар Орталық Азиядағы өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында қауіптер мен сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша өзара іс-қимылды күшейтеді. Сондай-ақ әскери және әскери-техникалық саладағы ынтымақтастық, бірлескен жедел және жауынгерлік дайындық іс-шараларын өткізу, кадрлар мен мамандардың біліктілігін арттыру мәселелері қарастырылған.
Сауда-экономикалық ынтымақтастыққа ерекше назар аударылады. Бұл кәсіпкерлік және өзге де экономикалық қызмет үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Сонымен қатар, Орталық Азиядағы мемлекетаралық су көздерін ұтымды әрі өзара тиімді пайдалану және қорғау мәселелеріне айрықша мән берілген. Тараптар өңірлік деңгейдегі мәселелерді талқылау үшін Орталық Азия мемлекеттері басшыларының консультативтік кездесулерін негізгі тетік ретінде қарастырады.
Құжат Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы парламентаралық байланыстарды, соның ішінде достық топтары аясындағы ынтымақтастықты нығайтуды да көздейді.
Сенатта атап өтілгендей, бұл шарт екі ел арасындағы саяси диалогты дамытуға, қауіпсіздік саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге және тұрақты дамуға берік негіз қалайды.
Айта кетейік, 2026 жылғы 9 сәуірде Қазақстанның Әзербайжан және Өзбекстанмен "жасыл" энергетика саласындағы келісімді ратификациялайтыны хабарланған болатын.