Оқиға бүгін, 2 мамыр күні таңертең болған. HALYQSTAN Telegram-арнасының мәліметінше, жағдай №40 гимназия аумағында орын алған. Белгілі болғандай, 10-сынып оқушысы мектеп ғимаратының сыртында орналасқан өрт сөндіру баспалдағына көтерілген.
Жасөспірім біраз уақыт баспалдақтың қоршауында отырған, кейін тепе-теңдігін жоғалтып, төменге құлап кеткен. Оның демалыс күні не себепті мектепке келгені әзірге белгісіз.
Құлағаннан кейін оқушы шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оған бас миының жарақатын, оң жақ жамбас сүйегінің, бұғанасының сынуын және ішкі ағзаларының зақымдануын анықтаған. Қазіргі уақытта жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер оның жағдайын аса ауыр деп бағалап отыр. Сондай-ақ оның жақсы оқығаны және түрлі білім беру үйірмелеріне қатысқаны белгілі болды.
Оқиғаның мән-жайын полиция қызметкерлері анықтап жатыр.
"Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 114-бабы 3-бөлігі ("Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру") бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тексеру нәтижесіне сәйкес заңға сай шешім қабылданады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жария етілмейді",- деп мәлімдеді полицейлер.
Бұған дейін АҚШ-та қазақстандық оқушылар робототехника бойынша бақ сынайтындығын жазғанбыз.