"24kz" мәліметінше, Таразда осындай бірнеше жылдан бері заңсыз жұмыс істеп тұрған 15 аттракцион бар. Белгілі болғандай, 2019 жылы коммуналдық мекеме саябақтағы жер телімін кәсіпкерге үш жылға жалға берген. Алайда кейін бұл жерді жекеменшікке беруге заң жүзінде рұқсат болмағаны анықталған.
2021 жылы жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Содан бері жергілікті билік заңсыз аттракциондардың жұмысын тоқтатуға тырысып келеді.
"Аттракциондарға қатысты бірде-бір техникалық паспорт, рұқсат құжаты немесе сапа сертификаты жоқ. Бұл құрылымдардың қандай техникалық талаптарға сай екені белгісіз. Қазіргі таңда шамамен 10 сот процесі өтті. Бірақ нақты шешім әлі қабылданған жоқ, себебі аттракцион өкілдері оның өздеріне тиесілі емес екенін айтуда", – деді қалалық әкімдіктің заң бөлімінің басшысы Гүлшат Айтбаева.
Әкімдік мамандары "Жеңіс" саябағындағы аттракциондардың жұмысын тоқтату үшін сотқа қайта талап арыз бермек. Олардың айтуынша, бұл тұрғындар мен қала қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Сондай-ақ Орал қаласындағы автосалонда қолдан жасалған көтергіш механизмнен құлаған төрт адам зардап шекті.