Еңбек министрі: Жеткіліктілік шектерінің жаңартылуы азаматтардың болашақ төлемдерін қорғауға бағытталған

Фото: pixabay
Қоғамда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану үшін белгіленген ең төменгі жеткіліктілік шектерінің жаңартылуы кеңінен талқылануда.

Осыған байланысты: әдістеменің неге қайта қаралғаны, жастар үшін шектердің қалай есептелетіні, қаражатты ішінара пайдалану мүмкіндігі сақталатыны және жаңа ережелердің зейнетақы жүйесінің тұрақтылығымен байланысы туралы сұрақтар туындады. Осы мәселелер жөнінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Zakon.kz тілшісіне сұхбат берді.

– Асқарбек Маратұлы, зейнетақының ең төменгі жеткіліктілік шегі қоғамда белсенді талқылануда. Көпшілік неліктен оны қайта қарастыру қажет болғанын білгісі келеді. Негізгі мақсаты қандай?

– Ең алдымен айта кетейін, зейнетақы жинақтары азаматтар үшін өте сезімтал тақырып екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан мұндай шешімдер жан–жақты және байыппен түсіндіруді қажет етеді. Жеткіліктілік шегін өзігертудегі негізгі логика – бұл салымшылардың ұзақ мерзімді мүддесін қорғау. Зейнетақы жинақтарының мақсаты – еңбек қызметі аяқталған адамды табыспен қамтамасыз ету. Бұл жай ғана ағымдағы шот немесе қысқа мерзімді қаржы қоры емес, бұл – әр азаматтың болашақ қаржылық тұрақтылығының негізі.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалану тетігі 2021 жылы, яғни пандемия салдарынан туындаған ерекше жағдайда енгізілгенін еске салу керек. Сол уақытта бұл көптеген азаматтың өзекті мәселелерін шешуге мүмкіндік берген уақытша антикризистік шара болды. Бүгін жағдай өзгерді. Экономика мен еңбек нарығы жаңа кезеңде, ал зейнетақы жүйесінің алдында ұзақ мерзімді тұрақтылық міндеті тұр. Сондықтан негізгі қағидатқа қайта оралу қажет: зейнетақы жинақтары сақталуы, инвестициялануы және азаматтың болашақ табысына жұмыс істеуі тиіс.

Жаңартылған шектердің мәні – жинақтардың толық көлемде жүйеде сақталып, азаматтардың ұзақ мерзімді мүддесіне қызмет етуінде. Бұрынғы әдістеме зейнетақы жүйесінің негізгі мақсатын, яғни зейнетке шыққан жанның жеткілікті табысын қамтамасыз етуді толық көрсетпейтін. Оны өзгертпеген жағдайда, бүгін қаражатты көп мөлшерде шығарып алған азамат болашақта төмен зейнетақыға тап болуы мүмкін еді. Сондықтан жеткіліктілік шегін есептеуде біз "бүгін қанша қаражат шығарып алуға болатынын" емес, "зейнетке шыққаннан кейін жеткілікті табыс болу үшін қанша жинақ сақталуы керек" деген қағидатты басшылыққа алуымыз керек.

Соңғы жылдар тәжірибесі көрсеткендей, бұрынғы параметрлер кезінде мерзімінен бұрын пайдалану болашақ жинақтық зейнетақыны айтарлықтай азайтуы мүмкін. Яғни адам бүгінгі маңызды мәселесін шешкенімен, келешектегі мүмкіндігін төмендетеді. Мемлекет мұндай тәуекелге бей–жай қарай алмайды, себебі 20–30 жылдан кейін бұл тек жеке тұлғалық емес, тұтас жүйелі әлеуметтік проблемаға айналуы мүмкін.

– Жастарға қатысты мәселе қызу талқылануда. Көбі 20–21 жастағы азаматтар үшін жеткіліктілік шегін тым жоғары деп санайды. Неліктен дәл жастар үшін бұл шектер айтарлықтай жоғары болып көрінеді?

– Мұнда ең алдымен әдістеменің өзін дұрыс түсіну маңызды. Ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл жас адамнан бүгін-ақ шотында осындай соманың болуы қажет деген талап емес. Ешкім кеше ғана студент болған немесе еңбек жолын енді бастаған маман бірден қажетті қаражаттың толық көлемін жинауы тиіс деп айтып отырған жоқ. Ең төменгі жеткіліктілік шегі – бұл болашақта зейнеттегі адам лайықты деңгейдегі зейнетақысын алу үшін жүйеде қанша жинақ сақталуы тиіс екенін көрсететін есептік бағдар.

Салымшы неғұрлым жас болса, зейнетке шығуға дейінгі уақыт соғұрлым көп деген сөз. Тиісінше, әдістеме ұзақ мерзімді кезеңді, яғни: болашақ жарналар, инвестициялық табыс, еңбек ету ұзақтығы және зейнетақы төлемдерін алу кезеңінің ұзақтығын ескереді.

Сондықтан бекітілген жеткіліктілік шегі жас азаматтардың мүмкіндіктерін шектеуге емес, керісінше олардың болашақ зейнетақы құқықтарын қорғауға бағытталған. Егер адам еңбек жолының басында қаражатты белсенді түрде мерзімінен бұрын пайдаланса, бұл оның болашақ зейнетақысының айтарлықтай төмендеуіне алып келеді.

Бұрынғы әдістеме бойынша жаппай шешіп алу салдарынан адамның болашақ жинақтық зейнетақысы оның бұрынғы жалақысының шамамен 15%-ы деңгейінде қалып қоюы мүмкін еді. Ал жаңа әдістеме басқаша есептейді: кез келген мерзімінен бұрын алу әрекеттерінен кейін де адамның болашақ зейнетақысы медианалық жалақының шамамен 40%-ы деңгейінде сақталғанын көздейді. Біздің мақсатымыз – 30-40 жылдан кейін адам зейнетке шыққанда оның жинақтық компоненті жеткіліксіз болып қалатын жағдайдың алдын алу. Зейнетақы саясаты тек бүгінгі қажеттіліктерді ғана емес, азаматтардың қартайған кездегі өмір сапасын да ескеруі тиіс.

– Кей сарапшылар: егер зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану болашақтағы жинақ көлемін азайтатын болса, онда бұл тетікті толықтай тоқтатқан дұрыс емес пе деген пікір айтады. Неліктен бұл мүмкіндік сақталып отыр?

– Бұл тетіктен толықтай бас тарту дұрыс болмас еді. Ол қазірде зейнетақы жүйесінің бір бөлігіне айналды және жеткілікті көлемде жинағы бар азаматтар үшін сұранысқа ие болуы мүмкін. Сондықтан мәселе құралды жоюда емес, оның жауапкершілікпен қолданылуын қамтамасыз етуде. Жаңартылған шекті межелер мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін сақтауға мүмкіндік береді, бірақ бұл ретте азаматтың келешектегі зейнетақымен қамтылуына нұқсан келтірмеуі тиіс. Зейнетақы жүйесі бір жағынан икемді, екінші жағынан тұрақты болуы қажет. Біз бүгінде демографиялық ахуал, жұмыспен қамту құрылымы, өмір сүру ұзақтығы және қаржы нарықтары өзгеріп жатқан жағдайда өмір сүріп отырмыз. Алайда негізгі қағидат өзгеріссіз қалады: зейнетақы жинақтары ең алдымен адамның зейнет жасына шыққаннан кейінгі табысын қамтамасыз етуге қызмет етуі тиіс. Мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігі сақталғанымен, ол азаматтардың болашақтағы әлеуметтік қорғалу деңгейін төмендететін құралға айналмауы керек.

– Азаматтар зейнетақы жинақтарын несие жабуға немесе тұрғын үй сатып алуға пайдалануға үйреніп қалды. Бұл шешім қаржыға қолжетімділікті шектемей ме? Енді отбасылар тұрғын үй мәселесін қалай шешеді?

– Бұл сұраққа жауап беру үшін еліміздің қаржы секторының даму тарихына назар аударған жөн. Егер 2000–2019 жылдар аралығындағы кезеңді қарасақ, бөлшек несиелеудің қарқынды дамығанын көреміз. Ипотека, автонесиелер мен тұтынушылық кредиттер миллиондаған азаматқа біраз мәселесін шешуге мүмкіндік берді, әлі де беріп келеді. Сонымен қатар банк жүйесі барлық уақытта несиені азаматтардың келешектегі зейнетақы жинақтарына емес, олардың ағымдағы төлем қабілеттілігі мен ресми табысына сүйене отырып беріп келді. Бұл – экономикалық тұрғыдан дұрыс әрі тұрақты тәсіл.

Бұдан бөлек, осы кезеңде халықтың депозиттік жинақтары да тұрақты өсіп отырды. Бұл азаматтарымыздың қаржылық мәдениетінің жоғары екенін көрсетеді. Яғни адамдар бір мезгілде әрі жинақ жасап, әрі несие құралдарын тиімді пайдалана білді. Экономика тұтыну мен жинақтауды зейнетақы активтерін пайдаланбай-ақ ұштастыруға мүмкіндік берді. Ал болашаққа келер болсақ, менің ойымша, қаржы секторы жаңа жағдайларға бейімделіп жатыр. Жақын уақытта азаматтарға тұрақты әрі тиімді жаңа қаржылық құралдар ұсынылады.

– Бірқатар сарапшылар жеткіліктілік шегі мен зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер кәсіби қауымдастықпен кеңірек талқылануы керек еді деп есептейді. Мұндай талқылаулар жүргізілді ме және қазір қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Шын мәнінде бұл жұмыс жыл басынан ашық түрде жүргізіліп келеді. Министрлік жанында тұрақты негізде жұмыс істейтін ауқымды жұмыс тобы бар. Оның аясында сарапшылардың қатысуымен ашық пікірталастар ұйымдастырылып келеді. Біз бұл мәселелерді Парламент депутаттарымен, Ұлттық Банк басшылығымен, қаржы нарығының сарапшыларымен, жұмыс берушілер қауымдастығының өкілдерімен және ірі бизнес бірлестіктерімен жан-жақты талқыладық. Алдағы күндері үкіметтік емес ұйымдармен және халықаралық сарапшылармен қосымша консультациялардың кезекті кезеңін өткізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда зейнетақы жүйесін жетілдіруге қатысты бірнеше маңызды тұжырымдамалық ұсыныс қарастырылуда. Жинақталған және келісілген барлық ұсыныстар міндетті түрде жұртшылық назарына ұсынылады.

Бұған дейін БЖЗҚ зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуға арналған жаңа жеткіліктілік шектерін жариялаған болатын.

Қазақстан
Алматы
Астана

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Еңбек министрі: Жеткіліктілік шектерінің жаңартылуы азаматтардың болашақ төлемдерін қорғауға бағытталған

Қазақстанда педагогтардың біліктілігін арттыру курстарын өткізу ережелері жаңартылды

ІІМ дабыл қағуда: желіде балаларға арналған шабуыл өршуде

Алматыда жылтырға оралған ер адамның денесі табылды

Әскердегі әскери-медициналық қамтамасыз ету ережелері өзгерді