Сот отырысында куәгер ретінде жол полициясы қызметкері Шоқан Беспаев сөз сөйледі. Ол әріптесімен бірге апаттан кейін айыпталушының өмірін сақтап қалған.
"20 наурыз күні әріптесім Дархан Нұрғали екеуміз кезекшілікке шықтық. Әл-Фараби бойымен патрульдеп келе жатқанбыз, Назарбаев көшесімен қиылысқан тұста бағдаршамда тоқтадық. Сол сәтте қатты соққы дыбысын естідік. Zeekr көлігінің ұшып кеткенін көрдік. Апат дәл сағат 3:33-те болды. 3:34-те жедел жәрдем шақырдық, әріптесім кезекші бөлімге хабар берді. 15 секунд ішінде оқиға орнына жеттік. Біз Zeekr жүргізушісін көліктен шығарып, дәрігерлерге тапсырдық. Кейін екінші көлікке қарай бардық. Сол кезде полиция жасағы да келді. Зардап шеккендер тірі ме, жоқ па – нақты айта алмаймын, есіктерді аша алмадық, жедел жәрдемді күттік", – деді ол.
Шоқан Беспаев сотта айыпталушыдан алкоголь иісін сезбегенін де айтты:
"Жүргізушіні шығарып жатқанда алкоголь иісі байқалмады. Барлығы өте тез болды. Көмек беруге адамдар да жүгіріп келді. Көліктің мемлекеттік нөмірі де жоқ еді, соққыдан машинаның алдыңғы бөлігі қатты зақымданған", – деді ол.
Екінші полицей Дархан Нұрғали да сотта Zeekr жүргізушісін қалай шығарғанын баяндады:
"Мен жеке өзім жүргізушіні көліктен шығаруға қатыстым, маған өтіп бара жатқан адамдар көмектесті. Ол есін білді, бірақ сұрақтарға жауап бере алмады. Қай жері ауыратынын сұрадым. Алкоголь иісі сезілмеді... Кейін жедел жәрдем алып кетті. Көліктің алдыңғы бөлігі жоқ еді, машина қатты зақымданған", – деді ол.
Сондай-ақ куәгер Николай Александров апаттан кейін досы Александр Пактың ауыр жарақат алып, ауырсыну шокында болғанын айтты:
"Біз мейрамханадан кейін әр жаққа кеттік. Жолда апатты көріп, тоқтадық, бірақ ішінде біздің таныстар бар екенін білмедік. Кейін полиция бізге кедергі жасамауды сұрады, біз кетіп қалдық. Жолда маған хабарласып, жағдайды естідім. Қайтып келдім. Жедел жәрдем ішінде Александрды көріп, қасына отырдым, ауруханаға бірге бардық. Ол сөйлей алмады, қанға боялған еді, қатты жарақат алған", – деді ол.
Айта кетейік, 2026 жылғы 21 наурызда Алматыда болған ауыр жол апатынан үш адамның қаза тапқаны белгілі болды. Мас күйде болған Zeekr жүргізушісі Әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды. Кейін белгілі болғандай, болжамды кінәлі жүргізуші жол үстінде жарысқа қатысқан болуы мүмкін. Ол аман қалып, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.
Осы қайғылы оқиғадан кейін Алматыға тексеру жүргізу үшін ішкі қауіпсіздік департаментінің, әкімшілік полиция комитетінің және жеке құраммен жұмыс істеу департаментінің қызметкерлері жіберілді. Zeekr жүргізушісі сотта кінәсін мойындады. 8 маусымдағы сот процесінде жәбірленуші тараптар айыпталушыны кешіріп, оған бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды сұрады.