Әл-Фараби даңғылындағы жантүршігерлік апат: сотта Zeekr жүргізушісінің алған жарақаттары жарияланды

Фото: Zakon.kz
2026 жылғы 15 маусымда Алматы қаласында әл-Фараби даңғылында болған өліммен аяқталған жол-көлік оқиғасына қатысты сот отырысында сараптама қорытындылары жария етілді. Онда Zeekr көлігінің жүргізушісі Александр Пактың алған жарақаттары мен көліктің зақымдану деңгейі айтылды.

Істі қарап жатқан судья Еркін Майшинов қылмыстық іс материалдарын зерттеу барысында көлікке жүргізілген техникалық сараптама нәтижелерін оқып берді.

Сараптамаға сәйкес, оқиға орнынан тәркіленген Zeekr автокөлігі заттай айғақ ретінде танылып, қылмыстық іс аяқталғанға дейін арнайы тұрақта сақтауға қойылған. Көлік мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз болғанымен, деректер базасында 009JET нөмірімен тіркелген.

Тексеру барысында көліктің жүргізуші жағындағы алдыңғы және артқы есіктері қатты зақымданғаны анықталған. Алдыңғы оң жақ есік қысылып қалған. Көліктің алдыңғы бөлігі толықтай деформацияланып, салонның оң жақ алдыңғы бөлігі де айтарлықтай бүлінген. Сол жақ алдыңғы дөңгелек өз орнында болған.

Сот отырысында медициналық сараптама қорытындысы да жарияланды. Оған сәйкес, Александр Пак жол апаты салдарынан көптеген ауыр дене жарақатын алған.

Атап айтқанда, оған жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, иек пен мұрын тұсындағы жұмсақ тіндердің соғылуы, кеуде қуысының жабық жарақаты диагнозы қойылған. Сонымен қатар оң жақтағы үшінші және төртінші қабырғалары, сол жақтағы бесінші, жетінші және сегізінші қабырғалары ығысып сынған. Бұған қоса оң жақ тізе буыны аймағында жарақат анықталған.

Еске салайық, 2026 жылғы 21 наурызда Алматыдағы әл-Фараби даңғылында болған жол апаты салдарынан үш адам қаза тапқан болатын. Тергеу мәліметінше, Zeekr көлігінің жүргізушісі мас күйінде қарсы жолаққа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Соның салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Александр Пак сотта өз кінәсін толық мойындады. Бұған дейін ол апаттың қалай болғанын баяндап, көліктегі ақау белгісінен кейін тежегіш жүйесі істемей қалғанын айтқан еді.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Алматы полиция департаментінің жаңа басшысы тағайындалды

Шымбұлаққа автомобильдердің кіруіне салынған тыйым Конституцияға сай емес деп танылды

Филиппиндегі жер сілкінісінен кейін теңіз түбі екі метрге көтерілді

"Құрметті азамат" атағы кімдерге және қалай беріледі

AMANAT мүшелері "Әділет" партиясына қалай өтеді