"Мені тек айыпталушы ретінде емес, адам ретінде де көріңіз": Александр Пак сотта соңғы сөзін айтты

Сурет: видеодан скриншот
2026 жылғы 22 маусымда Алматы қаласындағы СМУС сотында әл-Фараби даңғылындағы жол апатына қатысты айыпталушы Александр Пак соңғы сөзін айтты, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот отырысында оның адвокаты Арман Рахманбердиев алкогольдік масаң күй фактісін алып тастауды және жеңіл жаза тағайындауды сұрады.

Қорғаушы тарап Александр Пактың сол сәтте алкогольдік масаң күйде болғаны жөніндегі қорытындыға күмән келтіріп, сараптамаға алынған биологиялық материалдың (қан үлгісінің) дұрыс сақталмағанын және тасымалданбағанын алға тартты.

Адвокаттың айтуынша:

"Қорғау тарапы дәлелденген фактілерді ескеруді сұрайды. Негізгі дәлел ретінде алкогольдік масаң күйді растаған сараптама ұсынылғанымен, сот барысында бұл сараптаманың жүргізілу тәртібі – мерзімі, температуралық режимі, үлгінің сақталу орны күмән тудырды. Қаптаманың сақталуы биологиялық материалдың сақталғанын білдірмейді. Куәгерлер де айыпталушының алкоголь ішкенін растаған жоқ. Демек, чек бойынша алкоголь алынғаны оның ішкенін дәлелдемейді".

Сондай-ақ қорғау тарапы айыпталушының оқиға күні жалған мемлекеттік нөмірмен жүргені туралы деректер дәлелденбегенін мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, істегі материалдарда Zeekr көлігі 009 нөмірімен тіркелгені көрсетілген, ал 100 QR 02 нөмірі оқиға орнында тәркіленбеген, тексерілмеген және заттай айғақ ретінде іске қосылмаған.

Қорғаушы тарап айыпталушының алғашқы күннен бастап жол апаты фактісін мойындап, шын жүректен өкінгенін және жәбірленушілерге моральдық зиянды толық өтегенін атап өтті. Осыған байланысты бапты қайта саралап, алкогольдік масаң күй белгісін алып тастап, ең төменгі жаза тағайындауды сұрады.

Соңғы сөзінде Александр Пак былай деді:

"Мен шын жүректен өкініш білдіремін. Менің кесірімнен адам өмірлері қиылды. Бұл – мен үшін ең ауыр жүк. Жәбірленушілер балаларынан айырылды. Мен жауапкершіліктен қашқан емеспін. Соттан заңды шешім қабылдап, мені тек айыпталушы ретінде емес, адам, әке ретінде де қарастыруын сұраймын. Бұрын сотталмағанмын. Жәбірленушілерден тағы да кешірім сұраймын".

Прокурор Әлібек Күмісбеков айыпталушының кінәсі іс материалдарымен толық дәлелденгенін айтып, соттан оны кінәлі деп танып, қауіпсіздігі төмен колонияда 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

2026 жылғы 21 наурызда Алматы қаласында болған жол апатында үш адам қаза тапқан. Zeekr көлігін мас күйде басқарған жүргізуші әл-Фараби даңғылында қарсы жолаққа шығып, Mercedes көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Mercedes жүргізушісі мен екі жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Іс бойынша күдікті аман қалған, оған қатысты қылмыстық іс қозғалған.

Қазақстан
Алматы

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

ІІМ 17 тонна жанар-жағармайдың заңсыз шығарылуына тосқауыл қойды

Қазақстандықтар үшін маңызды мобильді қосымшаларға тәулік бойы тегін қолжетімділік қамтамасыз етіледі

Қазақстан полициясы дрондарды басқаруға үйрететін арнайы зертхана ашты

Түркияда жасырынып жүрген интернет-алаяқ Қазақстанға қайтарылды

Мемлекеттік қызметшілерге сыйақы беру қағидалары өзгертілді