Оқиғаға Ақмола облысы Полиция департаменті түсініктеме берді. Ведомство дерегінше, жол апаты Ерейментау қаласы Абылай хан көшесінде болған.
Алдын ала мәліметтерге сүйенсек, ВАЗ-2107 және Toyota Camry автокөліктері арасында кішігірім жол-көлік оқиғасы болған.
"Алайда, жағдайды белгіленген тәртіппен шешудің орнына, ВАЗ-2107 жүргізушісі көліктен шығып, қолына бұрағыш алып, жол-көлік оқиғасының екінші қатысушысына физикалық күш көрсетумен қорқыта бастады. Жәбірленуші дереу полицияға жүгінді,- делінген ақпаратта.
Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері ВАЗ-2107 жүргізушісінің мас күйінде екенін анықтады. Сонымен қатар, ол бұрын мас күйінде көлік жүргізгені үшін көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған.
"Бұл факт бойынша полицейлер сотқа дейінгі екі тергеуді бастады: қауіп төндіру фактісі және бұрын басқару құқығынан айырылған және мас күйінде рульге қайта оралған адамның көлік құралын басқаруы фактісі бойынша",- деп мәлімдеді полицейлер.
Қазіргі уақытта қажетті сараптамалар тағайындалды, тергеу әрекеттері жүргізілуде. Тергеу нәтижелері бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес іс жүргізу шешімі қабылданатын болады.
Бұған дейін Қостанай облысында жеңіл көлік жолдан шығып кетіп, орға аударылғанын жазғанбыз. Апат салдарынан бір адам қаза тауып, тағы төрт адам түрлі дәрежедегі жарақат алды.