Балқаш жағасында ресейлік туристі аяусыз соққыға жыққан

Сурет: pixabay
Қарағанды облысындағы Балқаш көлінің жағасында шетелдік туристі белгісіз тұрғын аяусыз соққыға жыққан, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға туралы ақпарат тамыз айының басында әлеуметтік желілерде тарады. Оған сүйенсек, жағдай 2026 жылғы 31 шілдеде Балқаш қаласындағы "Тұлпар" демалыс аймағына жақын жағажайда болған.

Жазба авторы Аркадий Петроченконың айтуынша, оған жәбірленушінің сүйіктісі хабарласып, болған оқиғаны желіде жария етуді сұраған.

"Рада Пактың айтуынша, ол жігіті Иван Гербермен бірге Санкт-Петербургтен Қазақстанға анасының туған күніне келген. 31 шілде күні сағат шамамен 15:30-да олар SUP тақталарымен серуендеп болғаннан кейін жағажайда белгісіз ер адам олардың ескегін алып кеткен. Жәбірленушінің айтуынша, олар әлгі адамнан ескекті қайтаруды сұрағанымен, ол өтінішке мән бермеген. Кейін азамат сол металл ескекпен кенеттен Иванды соққыға жыға бастаған. Оқиға куәгерлері жанжалды тоқтатуға тырысқанымен, шабуыл жалғасыпты. Ер адам ескекті сындырып қана қоймай, оның металл бөлігімен соққы жасаған. Артынша, Ресей азаматына жұдырық жұмсап, тепкіге алған. Оның ішінде басынан да тепкен. Шабуылды куәгерлер тоқтатып, жәбірленушілерге жедел қызметтер шақырып берген",- деп жазды Аркадий Петроченко өзінің Instagram парақшасында.

Жәбірленушінің айтуынша, оның жігітіне дәрігерлер мұрын сүйегінің сынуы, жақ сүйегіне қатысты жарақаттар, бастың кей бөлігіндегі сезімталдықтың жоғалуы, көптеген көгеру, жарақат және басқа да дене зақымдары диагнозын қойған.

Өз кезегінде, Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын толық әрі объективті анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Тергеу қорытындысы бойынша оқиғаға қатысушылардың әрқайсысының әрекетіне Қазақстан Республикасының заң талаптарына сәйкес құқықтық баға беріледі. Кінәлі тұлғалар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады", – деп мәлімдеді полиция өкілдері.

Бұған дейін Павлодарда полицейлер із жасырып жүрген 57 адамды анықтағанын жазғанбыз.

Қазақстан
Қарағанды

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Ақша айырбастау орындарындағы доллар бағамы жарияланды

Сейсенбіде еліміздің бес өңірінде аптап ыстық болады - синоптиктер

2 тамыздағы Астана мен Алматы айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы

Шетелдіктерге Қазақстанға кіруге электрондық рұқсат беріледі

Оралда азық-түлік дүкеніне қарақшылық шабуыл жасалды