Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) 2026 жылғы 27 тамыздағы мәліметінше, тергеу барысында заңсыз қарыз берудің 78 дерегі анықталған. Қарыз алушылардың басым бөлігі ақшаға аса мұқтаж әрі банктен несие алу мүмкіндігі болмаған азаматтар еді.
Қарыз беру үшін екі схема қолданылған.
Бірінші жағдайда нотариус арқылы қарыз шарты рәсімделгенімен, мәміленің нақты талаптары онда көрсетілмеген. Шарттағы сомаға қарыз алушыға берілген қаражатпен қатар, қарызды пайдаланудың бүкіл кезеңіне есептелген пайыз да қосылған. Қаражат азаматтардың мүлкін кепілге қою арқылы берілген.
"Екінші жағдайда қарыз беру фактісі сатып алу-сату шарты ретінде жасырылған. Мүлік үшін ақша іс жүзінде берілмеген, ал мүліктің өзі қарызды қамтамасыз ету құралы ретінде пайдаланылған. Қаражат қайтарылғаннан кейін шарт бұзылып, мүлік иесіне қайтарылған", – деп хабарлады ҚМА.
Осылайша, азаматтық-құқықтық мәмілелер түрінде мүлікті кепілге қою арқылы жүйелі түрде пайызбен ақша беру әрекеті жүзеге асырылған.
Заңсыз қызметтің нәтижесінде ер адам 774 млн теңге көлемінде қылмыстық табыс тауып, оған қымбат активтер сатып алған.
Сот үкімімен ол екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сондай-ақ мемлекет кірісіне алты пәтер, Toyota RAV4 автокөлігі, Kawasaki KLX250 мотоциклі және құны 280 млн теңге болатын бағалы қағаздар тәркіленді.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.
Бұған дейін осыған ұқсас қылмыс жасаған Қостанай тұрғыны сотталған еді. Ол лицензиясыз мүлікті кепілге алып, жылдық 120%-бен қарыз беруді ұйымдастырған. Оның заңсыз табысы 1 млрд теңгеден асқан.