Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады

Сурет: akorda.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында жеңіске жеткен спортшылар мен олардың бапкерлерін марапаттады, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Әлемнің 100-ден астам елінен келген спортшылармен бәсекеге түсіп, көк байрағымызды биікке көтеру – нағыз ұлт перзенттеріне тән асыл қасиет. Ұлттық командамыз ел үмітін толығымен ақтады деп айтсақ, әділеттікке сай сөз болады. Мен Президент ретінде баршаңызға Отанымызға әкелген рухты жеңістеріңіз үшін шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздерге тұтас халқымыз жанкүйер, тілекші болды", – деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлттық құраманың жалпыкомандалық есепте бірінші орын иеленуін ел мерейін өсірген елеулі жетістік деп бағалады.

"Сайыс қорытындысы бойынша спортшыларымыз 74 медаль еншіледі. Оның 32-сі – алтын жүлде. Осы тамаша жеңіс қазақтың рухы биік, жігері мықты, нағыз жеңімпаз ұлт екенін тағы бір мәрте айқын көрсетті. Жалпы, спорттың басты миссиясының бірі – өзара құрмет пен сыйластықты дәріптеу, халықтар достығын нығайту. Бұл дүбірлі дода жоғары деңгейде өтті. Сайыс нәтижелері әділ болды. Осыған орай Қырғыз елінің Президентіне ризашылығымды білдіремін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінде бүкіл әлем түркі халықтарына назар аударып отырғанын айтып, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын бірлесе дамытуға шақырды.

"Қазақстан осы ортақ іске белсене атсалысуға қашанда дайын. Екі бауырлас елге ата-бабаларымыздың қалдырып кеткен ең құнды өсиеті – өзара құрмет және мәңгі достық. Осы даналықты ұмытуға ешқандай хақымыз жоқ. Біз – Ұлы дала өркениетінің заңды мұрагерлерінің біріміз. Батыр бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді бізге аманат етті. Салт-дәстүрімізді, рухани құндылықтарымызды мұра етіп қалдырды. Қастерлі қазынаны көздің қарашығындай сақтап, жас буынға табыстау – ортақ парызымыз. Осы рухани борышымызды өркениетті, мәдениетті түрде, абыроймен жүзеге асыруымыз қажет", – деді Мемлекет басшысы.

Президент Қазақстанның мақсаты биік, жоспары айқын, болашаққа сеніммен қарайтын озық ойлы ұлт ретінде әрдайым алға ұмтылып келе жатқанын атап өтті.

"Біз, соның ішінде ұлттық спортпен айналысатын жастар, басқа да спортшылар, мемлекеттік қызметшілер мен кәсіпкерлер, дәрігерлер мен ұстаздар, студенттер мен ғалымдар, жұмысшылар мен басқарушылар, әскери қызметшілер мен мекеме қызметкерлері – бәріміз мәдениетті, сабырлы болып, даңғаза мен айқай-шуға жол бермеуіміз қажет. Сонда ғана қазақ халқы толыққанды өркениетті қоғам болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан
Молния
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

31 қазанда Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау орындарындағы валюта бағамы

1 қарашада қай өңірлерде қолайсыз ауа райына байланысты ескерту жасалды

Асыл Айтақын күрестен әлем чемпионатында қола жүлдеге бір қадам жетпей қалды

Алғашқы финал: Нұрқожа Қайпанов күрестен әлем чемпионатының алтын медалі үшін бақ сынайды

Тоқаев Марокко мен Кубаға жаңа елшілерді тағайындады: олар туралы не белгілі