Жантүршігерлік жол апаты туралы ақпарат пен оқиға орнындағы кадрлар алдымен әлеуметтік желілерде тараған. Қайғылы жағдайдың мән-жайын Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі айтып берді.
Құқық қорғау органдарының мәліметінше, адам өлімі болған жол апаты Алматы-Екатеринбург тасжолының 384-шақырымында болған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі "Газельдің" жүргізушісі қарсы бағыттағы жолаққа шығып кетіп, "Лада Калина" жеңіл көлігімен бетпе-бет соқтығысқан", – деп хабарлады ведомство.
Қатты соққы салдарынан жеңіл көліктегі жолаушы әйел жедел жәрдем келгенге дейін оқиға орнында көз жұмған. Екі көліктің де жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілді.
Адам өліміне әкеп соққан жол апатына байланысты полиция қылмыстық іс қозғады.
"Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Істің барысы мен тергеу барысы бақылауға алынды", – деді Қостанай облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Осыған байланысты полиция қазақстандық жүргізушілерді қалааралық және ұзақ сапарларда еңбек және демалыс режимін сақтауға шақырды.
"Ұзақ жолға шығар алдында міндетті түрде жақсылап ұйықтап алыңыз. Егер ұйқыңыз келіп немесе шаршағаныңызды сезсеңіз, рөлге отырмаңыз немесе бірден қауіпсіз жерге тоқтаңыз. Қалай болғанда да жолды жалғастыруға тырыспаңыз. Ұйқылы жүргізуші көлікті басқаруды толық жоғалтқан жүргізуші сияқты қауіпті", – деп ескертті полиция.
Бұған дейін Астана орталығындағы даңғылдардың қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Соқтығыс сәтін басқа көліктің видеотіркегіші түсіріп алған.