Медициналық мекеменің мәліметінше, хирург баланы қарап, қажетті тексерулерден өткізгеннен кейін әкесіне оны ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ екенін, көрсеткіштері қалыпты деңгейде екенін айтқан. Одан кейін ер адам үстелді теуіп жіберіп, дәрігердің мойнына жармасқан, деп жазады lada.kz.
Сол маңдағылар екі қолымен дәрігердің мойнына тас кенеше жабысқан азаматты әрең ажыратып алған. Оқиға орнына полиция шақырылды.
Аурухана зардап шеккен хирургтың жұмысқа оралып, кезекшілікке кіріскенін хабарлады.
Маңғыстау облысының полиция департаменті қылмыстық істің қозғалғанын растады. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
2026 жылғы 7 наурыздан бастап Қазақстанда қызметтік міндеттерін атқарып жүрген медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті қарастыратын бап қолданысқа енгізілген.
ҚР Қылмыстық кодексінің 380-3-бабына сәйкес, өмір мен денсаулыққа қауіп төндірмейтін зорлық-зомбылық үшін үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Егер әрекеттер өмір мен денсаулыққа қауіп төндірсе, жаза 5 жылдан 10 жылға дейін, ал ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда 12 жылға дейін ұзартылуы мүмкін.
Ер адамның әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижелеріне байланысты қойылады.