Полиция меншікке қарсы қылмыстардың алдын алу, ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтау және оларды жауапқа тарту бағытында кешенді жұмыс жүргізіп жатыр.
"Жыл басынан бері Қазақстанда ұрлық саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,4%-ға азайды. Пәтер ұрлығы 23,3%-ға, мал ұрлығы 6,7%-ға кеміді. Сонымен қатар қылмыстың осы екі түрі бойынша да ашылу көрсеткіші артты. Он айда ел бойынша 9 мыңнан астам адам ұсталып, 1 248 қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылды", – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Таразда полицейлер пәтерден ақша мен алтын бұйымдар ұрлау дерегін ашты. Қаланың 27 жастағы тұрғыны үйінен ақша мен алтын бұйымдарының жоғалғанын айтып, полицияға арызданған. Алдын ала мәлімет бойынша, ұрлық жасағандар пәтер есігінің құлпына келетін кілт тауып, ішке кірген де, құнды заттарды алып кеткен. Келтірілген залал 17 млн теңгеден асты. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер екі күдіктіні анықтап, ұстады. Екеуі де уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Түркістан облысында да осыған ұқсас ұрлық болған. Қаскөйлер үйдің қосымша қорғаныс құралдарымен жабдықталмағанын пайдаланып, пластик терезені күшпен ашып, ішке кірген. Ұрлық салдарынан жәбірленушілерге ірі көлемде материалдық залал келді. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынды.
ІІМ азаматтарды өз мүлкін қорғауға жауапкершілікпен қарап, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.
Министрлік қала көшелерінде көлікпен жарысу мен қауіпті маневр жасау жүргізушілердің өзіне де, жол қозғалысына қатысатын өзге адамдарға да қауіп төндіретінін атап өтті.
"ІІМ мұндай құқық бұзушылықтардың жолын кесу шараларын күшейтті. Жыл басынан бері полицейлер 411 дрифт дерегін анықтады. Оның 402-сі автокөлікпен, тоғызы мотоциклмен жасалған. Барлық көлік құралы арнайы тұраққа қойылды", – деп мәлімдеді ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
ІІМ мәліметінше, полицейлер мұндай құқық бұзушылықтардың ең көбін мына өңірлерде тоқтатқан:
- Алматы қаласында – 142 дерек,
- Түркістан облысында – 45 дерек,
- Ақмола және Ақтөбе облыстарында – 30 деректен.
Полиция түнгі тыныштықты бұзу деректеріне де ерекше көңіл бөліп отыр. ІІМ мәліметінше, 13–18 қараша аралығында ғана осындай 26 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілген.
"Рұқсатсыз граффити салу, ғимараттардың қасбетіне жазу жазу, қоғамдық орындарды бүлдіру қала келбетіне нұқсан келтіреді. Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін полицейлер рейдтер өткізіп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр", – деп хабарлады ҚР ІІМ баспасөз қызметі.
Ведомствоның мәліметінше, бір аптада граффити салудың 3 423 дерегі анықталған. Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 114 әкімшілік іс қозғалған. Оның 112-сі абаттандыру қағидаларын бұзуға, екеуі ғимараттарды қорлауға қатысты.
Полиция құқық бұзушылықтардың алдын алуға да баса мән беріп отыр. Полицейлер еріктілермен бірлесіп, 5 мыңнан астам іс-шара өткізген, тұрғындармен 8 мыңнан астам түсіндіру әңгімесін жүргізген және 10 мыңнан астам ақпараттық кітапша таратқан.
Бұған дейін, 2026 жылғы 20 қарашада, ІІМ бес күн ішінде көлік жүргізу құқығынан айырылғанына қарамастан рөлге отырған 245 жүргізушінің ұсталғанын хабарлаған еді.