Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 4 сәуірде Американың беделді The National Interest басылымында жарияланған мақаласында «Біз Қазақстанда демократиялық өзгерістердің жаңа дәуіріне қадам бастық», – деп атап өтеді.
Аталған мақалада еліміздің алдында тұрған сын-қатерлерге назар аударылып, биылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауда айтылған ауқымды реформалардың мән-маңызы айқындалады.
Мемлекет басшысының пікірінше, «посткеңестік кеңістікте болып жатқан оқиғалар айтарлықтай сын-қатер төндіруде, бірақ еліміздің алға қадам басуын тежей алмайды».
Автор биылғы қаңтар айының басындағы оқиғаны еске ала отырып, бейбіт шерулердің жаппай зорлық-зомбылыққа ұласқанына және ел Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде мұндай жағдай бұрын-соңды болмағанына тоқталады. Осыған байланысты Президент «Біз әлі күнге дейін осының зардабынан толық айыққан жоқпыз. Бірақ бұл оқиғадан сабақ алып, түйткілді мәселелерді батыл шешуге және алға ілгерілеуге толық дайынбыз», – деп атап өткен.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы геосаяси ахуалға түсіндірме жасай отырып, «Қазақстан мен Ресейдің арасын әлемдегі ең ұзын шекара байланыстырып жатыр. Сондықтан екі ел өзара ынтымақтастыққа негізделген ерекше қарым-қатынас орнатқан» деп жазады. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Украинамен де дәстүрлі достық қатынастарымыздың тамыры тереңде екеніне назар аударып, «қақтығыс БҰҰ Жарғысына сәйкес тезірек және әділ реттеледі» - деп үміттенетінін айтады.
Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар дүрбелеңі Қазақстанды дүр сілкіндірген оқиға болғанын атап өтті. Бұл жағдайдан елімізге сабақ болғаны – азаматтардың заңды талаптары зорлық-зомбылық пен қудалаудан қорықпай айтылуға тиіс екенін мойындау. Ол мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалогтың шын мәнінде нығаюына жол ашады.