Құжатты депутаттарға таныстырған Әділет министрі Азамат Есқараев келісім ақпараттық-телекоммуникациялық желілерде авторлық және сабақтас құқықтар объектілеріне құқықтардың бұзылуына қарсы тұру тетіктерін құру шараларын іске асыру мақсатында әзірленгенін айтты.
"Оның мақсаты – заңнаманы жетілдіру, осы саладағы бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу шараларын әзірлеу, ақпаратпен, ғылыми зерттеулердің нәтижелерімен алмасу, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында семинарлар мен конференциялар өткізу арқылы осы саладағы ынтымақтастықты одан әрі тереңдету".Азамат Есқараев
Оның айтуынша, келісімнің өзекті тұсы цифрлық ортада авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау және сақтау саласындағы халықаралық құқықтық базаны әзірлеу қажетінде.
"Құқық қолдану тәжірибесі бұл келісімнің өзектілігін растайды. Осылайша, 2020 жылы Қазақстанда лицензиясыз бағдарламалық қамтамасыз ету мен басқа да объектілерді тарататын 24 шетелдік интернет-ресурс, 2021 жылы мұндай 40 интернет-ресурс анықталып, бұғатталды. Олар туралы ақпарат «Киберқадағалау» қол жеткізуді бұғаттау мәселесін қарау үшін ақпараттық жүйеге енгізілді".Азамат Есқараев
Келісім цифрлық ортада зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және сақтау саласында туындайтын мәселелерді шешудің бірыңғай тәсілдерін белгілеуге мүмкіндік береді.
Келісімге қатысушылардың өзара іс-қимылын үйлестіру ТМД шеңберінде зияткерлік меншікті құқықтық қорғау және сақтау жөніндегі мемлекетаралық кеңеске жүктелді.