"Елтаңбаны лақтыра салған": Жетісу облыстық сотының лауазымды тұлғасы жазаға тартылды

Жетісу облыстық полиция департаменті далаға лақтырылған Елтаңба оқиғасына қатысты бірден шара қабылданғанын жеткізді. Аталған факті бойынша облыстық сот әкімшілігінің Инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Жетісу облысының полициясы Талдықорған қаласындағы облыстық сот ғимаратының жанынан тасталған күйінде табылған Елтаңбаның макеті бейнеленген видеоны зерттеді. Жауапты тұлғалардың әрекеті әкімшілік заңнамада көзделген құқық бұзушылық деп танылғанын хабарлаймыз. Аталған факті бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 418-бабының 1-1-бөлігіне сәйкес облыстық сот әкімшілігінің Инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы жауапкершілікке тартылды". Жетісу облыстық полиция департаменті баспасөз қызметі


Сурет: Жетісу облысы ПД


Айта кетсек, бірер күн бұрын әлеуметтік желіде Талдықорған тұрғындарының бірінің парақшасында жерде жатқан Мемлекеттік Елтаңбаның видеосы жарияланды. Кадрдан мемлекеттік рәміздің Жетісу облыстық соты ғимаратының жанында жатқанын көруге болады. Бұған қатысты, алдымен облыстық прокуратура, одан кейін облыстық соттың өзі түсініктеме берген болатын. Соңғысының түсініктемесінде сыртта жатқан облыстық сот ғимаратында ішінара жөндеу жұмыстарының басталуына байланысты ауыстырылған Елтаңбаның макеті екені айтылады.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: