Тоқаев Жоғары аудиторлық палатаның функцияларын өзгертті
Фото: Zakon.kz
Өзгерістер Жоғары аудиторлық палатаның бірқатар функциясына қатысты.
Атап айтқанда, Жоғары аудиторлық палатаның функцияларына мына қағидаларды әзірлеу және бекіту кіретіні нақтыланды:
- сыртқы мемлекеттік аудит пен қаржылық бақылау жүргізу кезінде анықталған құқық бұзушылықтар бойынша мемлекеттік аудит материалдарын Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасымен, экономикалық және қаржылық қылмыстарды тергеу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органдармен бірлесіп беру қағидалары.
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 21 қазаннан бастап Жоғары аудиторлық палатаға мемлекеттік органдардың даму жоспарларында белгіленген мақсаттарға және астананың, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың даму жоспарларына қол жеткізу, сондай-ақ бюджеттік бағдарламалардың паспорттарында көзделген түпкілікті нәтижелерге қол жеткізу бойынша мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту функциясы қосылады.
Жоғары аудиторлық палата төрағасының өкілеттігіне:
- Жоғары аудиторлық палатаға ведомстволық бағынысты ұйымның қызметін бақылауды жүзеге асыру қосылды.
Сонымен қатар Жоғары аудиторлық палата төрағасының материалдық-тұрмыстық және медициналық қамтамасыз ету, сондай-ақ көлік қызметі шарттары бойынша лауазымы Премьер-министрдің орынбасары лауазымына, ал Жоғары аудиторлық палата мүшесінің лауазымы вице-министр лауазымына теңестіріледі.
Бұдан бөлек, ҚР Ұлттық қорынан бөлінген қаражаттың жұмсалуын мониторингтеу жөніндегі комиссияның құрамына да өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда, ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары лауазымы Президенттің экономикалық мәселелер жөніндегі көмекшісі лауазымымен ауыстырылды.
Жарлық 2026 жылғы 17 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізілді. Мұның ішіне 2026 жылғы 21 қазаннан бастап күшіне енетін норма кірмейді.