Макинск қаласында танысын өлтірген ер адам ауылға барып тығылған

Ақмола облысында танысын атып өлтіріп, кейін марқұмның Toyota Land Cruzer Prado 150 автокөлігін ұрлап оқиға орнынан ізін суытқан күдікті ұсталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы оқиға 21 қарашада болған. Сағат 01:30 шамасында Макинск қаласының 27 жастағы тұрғыны өзінің танысын атып өлтіргені белгілі болды. Кейін күдікті Toyota Land Cruzer Prado 150 автокөлігін ұрлап, оқиға орнынан қашып кеткен. 

"Жүргізілген жедел тергеу іс-шаралары мен полиция қызметкерлерінің келісілген іс-қимылдарының нәтижесінде Макинск қаласының 23 жастағы тұрғынын өлтірді деген күдіктіні ізін суытпай ұстады. Жедел-іздестіру іс-шараларын полиция департаментінің бастығы Нұрсұлтан Мұқашев жеке өзі бақылап отырды. Ер адам сағат 11:00-де Сандықтау ауданының ауылдарының бірінде ұсталды. Бұл елдімекенде оның туысы тұратыны анықталды. Сондай-ақ аудан аумағында өлтірілген азаматқа тиесілі ұрланған автокөлік пен қару табылды", делінген полиция хабарламасында.

Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 99-бабы 1-бөлігі (Кісі өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде полицейлер ұсталған адамды ауыр қылмыс жасауға итермелеген себептерді анықтап жатыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: