Елордада жаяу жүргіншілер көпіріне көлігімен шығып кеткен жігіт 15 тәулікке қамалатын болды

19 тамызда Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында орталық демалыс саябағында орналасқан "Атырау" жаяу жүргіншілер көпірінде мемлекеттік нөмірсіз көлігімен шығып, ары-бері ойқастаған жігітке қатысты іс қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сот отырысында құқық бұзушы кінәсін толық мойындап, бұл іске досымен бәстескеннен кейін барғанын, жасаған ісіне өкінетінін айтты.

Құқық бұзушының әрекеті әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада көрсетілген деректермен, баянатпен, түсініктемлермен және бейнежазбамен дәлелденеді.

Сот Т-ның осы тектес әкімшілік құқық бұзушылықты бірінші рет жасағанын және әрекетіне өкінетінін жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмады.

"Жасалған әрекеттің сипатын, кінәлінің жеке басын, оның құқық бұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, істің мән-жайын ескере отырып, көпірдегі жаяу жүргіншілердің өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген адамды тәрбиелеу мақсатында, сондай-ақ жаңа құқық бұзушылық жасауға жол бермеу мақсатында, соттың қаулысымен Т. ұсақ бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі әкімшілік жаза тағайындалды", делінген сот хабарламасында.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.

Астана
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: