Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында психотроптық заттың аналогын сақтау және жүктi әйелдi өлтіруге (жеңгесін) оқталу фактісі бойынша кәмелетке толмаған жасқа (қайнысына) қатысты қылмыстық іс қаралды. Істің мән-жайы жария етуге жатпайтын болғандықтан, іс жабық сот отырысында қаралды.
Сотта прокурор Д-ны кінәлі деп танып, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша 9 жыл 5 күнге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші өкілдері мемлекеттік айыптаушыны толық қолдап, осы баптар бойынша ең жоғары жаза тағайындауды, 15 миллион теңге көлемінде моральдық шығынды өтеу туралы талапты толық қанағаттандыруды сұрады.
Сотталушы психотроптық зат сақтағанын толық мойындады, алайда жүкті әйелді өлтіруге оқталғанын мойындамады, бұл ретте ол соттан өзін ақтауды сұрады. 15 миллион теңге моральдық шығынды өтеу туралы талап қоюды мойындамады.
"Сот Д-ның кінәсі жәбірленушінің, сарапшылардың, куәлардың айғақтарымен, іс бойынша жүргізілген сараптамалармен дәлелденді. Сот іс бойынша жауаптылықты жеңілдететін мән-жайларды (кінәні ішінара мойындауын, соттылығының болмауын, кәмелетке толмауын, оң мінезделуін) және қылмыс жасауды ауырлататын мән-жайды – қылмысты есірткіден масаң күйде жасауын ескере отырып, қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша, жазаны ішінара қосу арқылы түпкілікті кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемесінде жазасын өтеумен 9 жыл 5 күнге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады", делінген сот хабарламасында.
Жәбірленуші К.-ның талап қоюы ішінара 7 000 000 теңге сомасында сотталушының заңды өкілінен өндірілумен қанағаттандырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.