Ақмола облысы прокуратурасының мәліметінше, қазан айының басында Аршалы ауданында өз-өзіне қол жұмсап қайтыс болған 14 жастағы қыз интернетте жіптен түйін жасаудың алты түрі туралы материалды және қайта өмірге келу мазмұнындағы манхваны оқыған.
"Манхва – бұл Оңтүстік Кореяда кеңінен танымал комикс, ол корей мәдениетін, дәстүрлерін және ойлау тәсілін бейнелейді. Манхвада қайта дүниеге келу концепциясы кейіпкерлерге жаңа денеде, ұқсас әлемде немесе өткен өміріне қайта оралып, өмір сүру мүмкіндігін насихаттайды. Who Made Me a Princess манхвасындағы кейіпкер жаны романдағы ханшайымның денесіне оралып, өзінің қайғылы тағдырының алдын алу үшін оны өзгертуге тырысады", - дейді құзыретті орган.
Бүгінгі күні сарапшылар адамның мінез-құлқына 25-ші кадр теориясының ықтимал әсерін зерттеп жатыр, бұл теория қандай да бір әрекеттер жасауға мәжбүр етуі мүмкін.
"Өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау белгілерінің болуына байланысты 2024 жылдың 8 қазанында Аршалы ауданының прокуратурасы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 313-1 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады", - деді Ақмола облысының прокуроры Руфат Құттықов.
Қылмыстық істі тергеу арнайы прокурорға тапсырылып, тергеу барысы бақылауға алынды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жариялауға жатпайды.
"Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында ата-аналарды (қамқоршыларды) балалардың гаджеттерді пайдалануын бақылауға шақырамыз, тек пайдалану уақытын шектеу ғана емес, сұраулардың тақырыбын да тексеру маңызды", делінген прокуратура хабарламасында.
1 қазанда Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында оқушы қыз асылып қалды. 7 қазанда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов интернетте өз-өзіне қол жұмсауды насихаттау бойынша прокуратура органы сотқа дейінгі үш тергеуді бастағанын айтты.