Кәріз құдығына құлап, мерт болған бүлдіршін: Атырауда балабақша басшысы мен тәрбиешісі сотталды

Атырауда жазда беті ашық жатқан кәріз құдығына құлап, мерт болған бүлдіршін оқиғасына қатысты жекеменшік балабақша басшысы мен тәрбиешісі сотталды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Атырау облысының кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, сотталушы С. 2023 жылғы 21 мамырда рұқсат құжаттарын алып, өз атына "Д" жеке кәсіпкерлігін тіркеп, "Чебурашка" квазимемлекеттік балабақшасын ашқан. Бірнеше күннен кейін ол Атырау қаласынан екі қабатты ғимаратты жалға алған. Екінші сотталушы балабақша ашылғаннан кейін бір айдан соң тәрбиеші қызметіне жұмысқа қабылданған.

Бір жылдан кейін аталған балабақшада қайғылы оқиға орын алды.  Қараусыз қалған 2000 жылғы бүлдіршін, сыртқа шығып кәріз құдығына құлап, қазаға ұшыраған.

"Сотталушылар кінәларын толықтай мойындады. Сондай-ақ, олардың кінәлары оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, фотокестелермен, куәлардың айғақтарымен, беттестіру хаттамаларымен және басқа да іс материалдарымен дәлелін тапты", делінген сот хабарламасында.

Сотталушылар ҚР ҚК-нің 141-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оларға педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеумен байланысты лауазымдарды атқару құқығынан 3 жыл мерзiмге айыра отырып, 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚР ҚК-нің 63-бабын қолданумен жаза шартты түрде тағайындалып, белгіленген жазаның барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгіленді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Атырау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: