Құжатқа берілген қорытындыда Халықаралық азаматтық авиация туралы конвенцияның 50 а) және 56-баптарына өзгерістер енгізуді көздейтін хаттамалар 2016 жылғы 6 қазанда Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ХААҰ) 39-сессиясында қабылданғаны көрсетілген. Бұл хаттамалар 1944 жылғы Чикаго конвенциясына қатысушы барлық мемлекеттер үшін ратификациялауға ашық.
"Енгізілетін өзгерістердің мәні – ХААҰ Кеңесінің құрамын 36 мемлекеттен 40 мемлекетке дейін ұлғайту. Бұл мүше мемлекеттердің неғұрлым әділ, теңгерімді және географиялық тұрғыдан кеңінен ұсынылуын қамтамасыз етуге бағытталған. Сондай-ақ, ХААҰ-ның Аэронавигациялық комиссиясының құрамын 19 мүшеден 21 мүшеге дейін көбейту қарастырылған. Бұл техникалық сараптаманы күшейтіп, ұйымның нормативтік қызметінің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. 2022 жылы өткен ХААҰ Ассамблеясының 41-сессиясында мүше мемлекеттер ұйым органдарын реформалау қажеттігін мойындап, тиісті хаттамаларды жедел ратификациялауға шақыратын қарар қабылдады. Өзгерістердің күшіне енуі үшін 128 мемлекеттің ратификациясы қажет. Қазіргі уақытта бұл өзгерістерді 120 мемлекет ратификациялаған",- делінген ақпаратта.
Аталған хаттамаларды ратификациялау Қазақстанға халықаралық авиациялық саясатты қалыптастыруға белсенді қатысу мүмкіндігін кеңейтеді. Сонымен қатар, бұл еліміздің ХААҰ органдарына мүше болуына үміткер ретінде ұсынылуына алғышарттар жасайды.
Бұған дейін Жоғарғы сот судьясы қызметінен босатылғанын жазғанбыз.