Рақымшылық зорлықшыларға қолданылмайды – Сенат заңды мақұлдады

Фото: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
2026 жылғы 11 маусымда Палатаның пленарлық отырысында депутаттар "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы" заңды мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберілді, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.

Заңнамалық түзетулер тек рақымшылықты жүзеге асыруға ғана емес, сонымен бірге қылмыстық, қылмыстық-процестік, әкімшілік заңнаманы және атқарушылық іс жүргізу тетіктерін жетілдіруге бағытталған. Яғни, бұл – ізгілендіру, цифрландыру және құқық қорғау мен сот жүйесін одан әрі жаңғыртуды біріктіретін кешенді құқықтық шешім.

Сенатор Евгений Больгерт рақымшылық – қылмыстық құқықтың дәстүрлі институты екенін және көптеген елдерде маңызды тарихи оқиғаларға байланысты қолданылатынын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның жаңа Конституциясының қабылдануы осындай оқиға болып саналады.

Ол сондай-ақ рақымшылықтың іріктемелі сипатта болатынын және сыбайлас жемқорлық, терроризм, экстремизм қылмыстары үшін сотталғандарға, сондай-ақ жыныстық қол сұғылмаушылыққа қарсы қылмыстар жасағандарға қолданылмайтынын айтты. Заң қылмыстық теріс қылық жасағандарға, онша ауыр емес қылмыстарға, сондай-ақ келтірілген залал болмаған немесе толық өтелген жағдайда орташа ауырлықтағы кейбір қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылықтан немесе негізгі жазадан босатуды көздейді. Сондай-ақ кейбір сотталғандар үшін жазаның өтелмеген бөлігін қысқарту қарастырылған.

Заң жобасын әзірлеушілер мемлекет қылмыстық саясатын қайта қарау немесе қылмысқа көзқарасты жұмсарту көзделмейтінін атап өтті. Керісінше, ең қауіпті қылмыстар бойынша жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты сақталады. Сенатор Больгерт құжат гуманизм мен қоғамдық қауіпсіздік арасындағы тепе-теңдікті сақтайтынын және "Әділетті Қазақстан" бағытына толық сәйкес келетінін айтты.

"Алдын ала бағалау бойынша, қылмыстық рақымшылық 16,5 мыңнан астам адамды қамтиды. Олардың ішінде 4 мыңнан астам азамат қылмыстық жауаптылық пен жазадан толық босатылады, ал 10 мыңнан астамының жазалау мерзімі қысқартылады. Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық жүргізіліп отыр. Азаматтар мен бизнеске қаржылық жүктемені азайту үшін кейбір айыппұлдар есептен шығарылады. Масштабы өте үлкен: тек ІІМ желісі бойынша рақымшылық 1 миллионға жуық әкімшілік айыппұлды, жалпы сомасы 17 млрд теңгеден астам қаражатты қамтиды. Жалпы алғанда, бұл 280 бап бойынша 15 мемлекеттік орган құзыретіндегі құқық бұзушылықтарға қатысты",- деді ол.

Сенатордың айтуынша, азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге ерекше көңіл бөлінген.

"Заң тек адамдарды босатып қана қоймайды, сонымен бірге Үкімет пен әкімдіктерді оларды қайта әлеуметтендіруге нақты шаралар арқылы көмектесуге міндеттейді: жалғызбасты мүгедектерді, зейнеткерлерді және тұрақты тұрғылықты жері жоқ адамдарды арнайы орталықтарға орналастыру; еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту; сот тағайындаған емдеуді жалғастыру; кәмелетке толмағандарды отбасыларға немесе интернаттарға орналастырып, білім алуына кепілдік беру. Бұл заңдар пакеті Президенттің "Әділетті Қазақстан" бағытына толық сай келеді", – деді ол.

Маңызды жаңалықтардың бірі – Қазақстан тарихында алғаш рет әкімшілік рақымшылық енгізілуі. Бұған дейін рақымшылық актілері тек қылмыстық салаға қатысты болса, енді азаматтар, жеке кәсіпкерлер, жеке нотариустар, жеке сот орындаушылары, адвокаттар және заң консультанттары әкімшілік айыппұлдардан немесе олардың қалған бөлігінен босатылады. Рақымшылық қолданылғаннан кейін тиісті атқарушылық іс жүргізулер тоқтатылады.

Сонымен бірге әкімшілік рақымшылық қоғамдық қауіпсіздікке, азаматтардың өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ мемлекет мүдделеріне қауіп төндіретін құқық бұзушылықтарға қолданылмайды. Яғни бұл тетік ең алдымен азаматтардың әкімшілік жүктемесін азайтуға және экономикалық белсенділігін қолдауға бағытталған, бірақ қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне әсер етпейді.

Заңның жеке блогы рақымшылықты қолдану рәсімдерін цифрландыруға бағытталған. Ол үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске жаңа бап енгізу ұсынылады, ол Бірыңғай әкімшілік өндірістер тізілімі (БӘӨТ) арқылы рақымшылыққа жататын тұлғаларды автоматты түрде анықтауға және шешімдерді электронды форматта қабылдауға мүмкіндік береді. Әзірлеушілердің пікірінше, бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, шешім қабылдауды жеделдетіп, актілерді орындаудың тиімділігін арттырады.

Рақымшылық мәселелерінен бөлек, заң жобалары қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіруді де қарастырады. Атап айтқанда, айыптау актісіне қойылатын талаптар нақтыланады, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелерін рәсімдеу тәртібі және қылмыстық процесті аяқтау тетіктері жетілдіріледі. Бұл өзгерістер құқық қолдану тәжірибесінің бірізділігін қамтамасыз етуге, процессуалдық құжаттардың сапасын арттыруға және қылмыстық іс жүргізуге қатысушылардың құқықтық кепілдіктерін күшейтуге бағытталған.

Талқылау қорытындысы бойынша Мәжіліс депутаттары "Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылық туралы" заң жобасын мақұлдады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекет бизнес бастауға ниетті кәсіпкерлерге 1,7 млн теңге үлестіруде: өтінімдерді қашан және қайда өткізеді

Тоқаев сайлау туралы заңға түзетулерге қол қойды

700-ден астам ескертпе мен қате: Қазақстанда мектеп оқулықтары қашан жаңартылады

Қазақстанда БҰҰ өңірлік орталығы ашылады

Ақмола облысында полицейлер биіктіктен секірмек болған қызды аман алып қалды