Нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасау тәртібі өзгерді

Фото: unsplash
Әділет министрі 2026 жылғы 3 қыркүйектегі бұйрығымен нотариустардың нотариаттық әрекеттер жасау қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Енді нотариаттық әрекеттер мемлекеттік нотариат кеңсесінің немесе жекеше нотариустың кеңсесінде ғана емес, олардың ғимаратынан тыс жерде де жасала алады. Бұл ретте әрекет тиісті нотариаттық округ шегінде жүзеге асырылады. Егер нотариаттық әрекет нотариустың кеңсесінен тыс жерде жасалса, Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйенің электрондық тізіліміндегі құжаттың куәландыру жазбасында әрекет жасалған орын, оның мекенжайы және уақыты көрсетіледі.

Нотариустың клиенттің орналасқан жеріне баруы туралы нотариаттық әрекеттер мүдделі тұлғаның өтініші негізінде жүзеге асырылады және тұрақты сипатта болмайды.

Егер адам нотариаттық әрекет жасау үшін "цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы жүгінсе, нотариаттық әрекет жасалған орын ретінде нотариустың кеңсесі орналасқан жер есептеледі.

Құжаттағы қателерді түзетуге болады

Нотариус нотариалды куәландырылған құжаттағы орфографиялық, грамматикалық немесе техникалық қателерді түзете алады. Алайда түзету азаматтық құқықтар мен міндеттердің пайда болуына немесе тоқтатылуына әсер етпеуі және үшінші тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделеріне нұқсан келтірмеуі тиіс.

Түзету құжаттың барлық данасына енгізіледі. Әрбір түзету құжаттың соңындағы куәландыру жазбасында көрсетіліп, нотариустың қолы мен мөрі қойылады және түзетудің енгізілген күні жазылады. Мұндай түзету нотариаттық әрекет жасау үшін жүгінген адамның өтініші негізінде жүзеге асырылады.

Нотариус нотариаттық әрекет жасау үшін келген адамға оның құқықтары мен міндеттерін түсіндіруге, сондай-ақ жасалатын нотариаттық әрекеттің салдары туралы ескертуге тиіс. Бұл адамның заңды білмеуінің өзіне зиян келтіру үшін пайдаланылмауы үшін қажет.

Қандай құжаттар беріледі?

Мұрагерлік құқығын, меншік құқығын растау, азаматтың тірі екенін немесе белгілі бір жерде болғанын куәландыру, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін басқа тұлғаларға беру, құжаттарды сақтауға қабылдау, өсиетті орындаушының өкілеттігін растау жағдайларында тиісті куәліктер беріледі.

Мұраны сенімгерлік басқарушыны тағайындау, нотариаттық әрекет жасаудан бас тарту, нотариаттық әрекетті кейінге қалдыру немесе тоқтата тұру кезінде нотариус тиісті қаулы шығарады.

Егер құжаттың телнұсқасы сенімхат негізінде өкілге берілсе, куәландыру жазбасында телнұсқаны алған адамның тегі, аты және әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі.

Нотариус өз қатесін анықтаса не болады?

Егер нотариус өзі жасаған нотариаттық әрекетте қолданыстағы заңнамаға қайшы келетін қате жібергенін анықтаса, бұл туралы нотариаттық әрекет жасау үшін өзіне жүгінген тараптарға хабарлайды.

Оларға нотариаттық әрекеттің күшін жою немесе бұзу бойынша шаралар қабылдау ұсынылады. Егер оны жою немесе бұзу мүмкін болмаса, нотариус құқық қорғау органдарына дереу хабарлауға немесе нотариаттық әрекеттің күшін жою үшін сотқа жүгінуі тиіс.

Нотариаттық әрекеттерді қашықтан жасауға болады

Қағидалар "Цифрлық үкімет" веб-порталы арқылы нотариаттық әрекеттерді қашықтан жасау тәртібі туралы жаңа тараумен толықтырылды.

Қашықтан мынадай нотариаттық әрекеттерді жасауға болады:

Ол үшін азамат "цифрлық үкімет" веб-порталына авторизациядан өтіп, нотариаттық әрекет жасау туралы өтініш береді.

Өтініш берген кезде адам жеке деректерін жинауға және өңдеуге келісімін ЭЦҚ арқылы растайды.

Одан кейін нотариус бейнеконференция арқылы өтініш берушінің жеке басын анықтайды, оның әрекет қабілеттілігін тексереді, құқықтары мен міндеттерін түсіндіреді және нотариаттық әрекеттің құқықтық салдары туралы ескертеді.

Бейнеконференция нәтижесінде нотариус электрондық нотариаттық құжаттың жобасын әзірлеп, оны өтініш берушіге келісуге жібереді.

Азамат құжат жобасын қарап, "Жобаны мақұлдау" батырмасын басып растайды немесе нотариусқа ескертулерін жібереді. Ескертулер түзетілгеннен кейін жоба қайта келісуге жіберіледі.

Жоба келісіліп, нотариаттық әрекет үшін төлем жасалған соң, электрондық нотариаттық құжатқа нотариус пен өтініш беруші ЭЦҚ арқылы қол қояды.

Қол қойылған электрондық нотариаттық құжат "цифрлық үкімет" веб-порталына орналастырылып, өтініш берушіге қолжетімді болады.

Жылжымайтын мүлікті сату кезінде не өзгереді?

Жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару туралы шартты куәландырған кезде нотариус мүліктің кімге тиесілі екенін құқық белгілейтін құжат негізінде тексереді.

Тіркеуге жататын жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге қою туралы шарт мүлік орналасқан жерде куәландырылады.

Ал міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүлікті иеліктен шығару немесе кредитордың талап ету құқығын басқа тұлғаға беру кезінде нотариус:

Талап ету құқығын растайтын құжаттар жаңа кредиторға талап ету құқығын беру шартының куәландырылғаны туралы белгімен бірге беріледі. Олардың көшірмелері нотариустың ісінде қалады.

Үлестік қатысу туралы шарт бойынша талап ету құқығын беру тек кредитор шарттың құнын толық төлегеннен кейін және нысанды қабылдау-тапсыру актісіне қол қойылғанға дейін ғана жүзеге асырылады.

Егер міндетті тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүліктің кімге тиесілі екені ешқандай құжатпен анықталмаса, нотариус шартта оның тиесілігін тараптардың сөзінен көрсетеді.

Ортақ мүлікті бөлу

Нотариус ортақ, оның ішінде бірлескен немесе үлестік меншіктегі мүлікті бөлу туралы шарттарды да куәландырады.

Ортақ мүлікті жеке меншікке бөлу үшін бөлінетін мүлік бөлігі дербес құқық объектісі ретінде қарастырылуы мүмкін болуы керек.

Тұрғын үй-жайларды бөлу туралы шартта әрбір бұрынғы ортақ меншік иесіне өткен үй-жайлардың жалпы алаңының бүкіл тұрғын үйдің немесе пәтердің жалпы алаңына арақатынасы сандық көрсеткішпен жазылуы тиіс. Сонымен қатар ортақ үлестік меншікте қалған нысандар да көрсетіледі.

Алимент туралы келісім

Алимент төлеу туралы келісім жазбаша түрде жасалып, міндетті түрде нотариалды куәландырылуы тиіс.

Заңда белгіленген талаптарды сақтамау Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 157-бабының 3-тармағында көзделген салдарға әкеледі.

Алимент төлеу туралы келісімді кез келген нотариус куәландыра алады.

Сенімхатқа қатысты талаптар

Сенімхатта оның куәландырылған жері мен күні, сенім білдірушінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні мен жері, ЖСН-і және тұрғылықты жері көрсетіледі.

Егер сенім білдіруші заңды тұлға болса, оның атауы, БСН-і және орналасқан жері жазылады. Сондай-ақ сенім білдірілген адамның деректері мен тұрғылықты жері көрсетіледі.

БНЦЖ электрондық тізіліміне сенім білдірушінің ЖСН-і және жеке басын куәландыратын құжаттың деректері, ал заңды тұлға үшін БСН енгізіледі.

Мүлікті басқаруға, нотариалды куәландыруды талап ететін мәмілелер жасауға және қайта сенім білдіру тәртібімен берілетін сенімхаттар нотариалды куәландырылуға тиіс.

Нотариус берілген сенімхаттың күші жойылғаны туралы БНЦЖ электрондық тізіліміне белгі енгізеді.

Өсиет орындаушысына қатысты өзгерістер

Өсиет қалдырушы өсиетті орындауды мұрагер болып табылмайтын адамға да – өсиетті орындаушыға немесе өсиет бойынша сенімгерге тапсыра алады.

Егер өсиетті орындаушы тағайындалса, нотариус оның өтініші бойынша өкілеттігін растайтын куәлік береді.

Куәлікте өсиетті орындаушы туралы мәліметтер, оның өкілеттігінің пайда болу негіздері және берілген өкілеттіктердің көлемі көрсетіледі.

Егер мұрагерлердің арасында тұрған жері белгісіз адамдар болса, нотариус олардың орналасқан жерін анықтап, мұрагерлікке шақыру үшін ақылға қонымды шаралар қабылдайды.

Егер мұрагерлердің тұрғылықты жері немесе жұмыс орны белгісіз болса, нотариус мұраның ашылғаны туралы Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таралатын бұқаралық ақпарат құралдары және БНЦЖ арқылы хабарлама жасайды.

Егер мұраға құқық туралы куәлік заңда белгіленген мерзімнен бұрын берілетін болса, нотариуста мұраға қатысты басқа мұрагерлердің жоқ екенін растайтын сенімді мәліметтер мен құжаттар болуы керек. Мұндай мәліметтер болмаған жағдайда куәлік Азаматтық кодексте белгіленген мерзімдерде беріледі.

Мұрадан бас тарту өсиет немесе заң бойынша кез келген кезектегі басқа мұрагерлердің пайдасына жасалуы мүмкін. Алайда өсиет бойынша мұрадан айырылған адамдардың және мұрагерлікке шақырылмаған өкілдік құқығы бойынша мұрагерлердің пайдасына мұрадан бас тартуға болмайды.

Мұрагерлікке қатысты тағы бір өзгеріс

Егер мұрагер нотариусқа жүгінген кезде жылжымайтын мүлікке құқық мұра қалдырушының атына рәсімделген немесе рәсімделу сатысында болған, бірақ белгіленген тәртіппен тіркелмеген болса, нотариус мұрагерге мүліктік емес құқықтардан тұратын мұраға құқық туралы куәлік береді.

Оған мұра қалдырушының атына меншік құқығын тіркеу үшін тіркеуші органға жүгіну, құрылыстарды пайдалануға беру және құқық белгілейтін немесе басқа да құжаттардың телнұсқасын алу үшін уәкілетті органдарға жүгіну құқығы кіреді.

Нотариус құжаттардың көшірмелері мен олардан жасалған үзінділердің дұрыстығын, егер олар Қазақстан Республикасының заңдарына қайшы келмесе және заңдық мәні болса, куәландырады.

Сондай-ақ нотариус мазмұны Қазақстан заңдарына қайшы келмейтін және мәміле болып табылмайтын құжаттағы қолдың түпнұсқалығын куәландырады.

Нотариус жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін заңның 84-бабына сәйкес басқа жеке және заңды тұлғаларға береді.

Куәлікте алынған жауаптың мазмұны немесе белгіленген мерзімде жауаптың келмегені туралы мәлімет көрсетілуі мүмкін.

Заңнамада көзделген жағдайларда нотариус борышкерден ақшаны депозитке, ал бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтауға қабылдайды. Ақшаны депозитке немесе бағалы қағаздарды нотариустың атына сақтауға беру міндеттеменің орындалуы болып есептеледі.

Ақша түскен жағдайда нотариус бұл туралы кредиторға хабарлайды және оның талабы бойынша тиесілі ақшаны береді.

Егер ақша депозитке Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 291-бабы 1-тармағының екінші бөлігінде белгіленген тәртіппен енгізілсе, нотариус ақшаны тараптар арасындағы шартта белгіленген тәртіппен кредиторға береді.

Атқарушылық жазбаға қатысты жаңа тәртіп

Бұл ретте өтініштерді бөлу Бірыңғай нотариаттық цифрлық жүйені пайдалану қағидаларына сәйкес жүргізіледі.

Қағидаларға бұдан бөлек те өзгерістер енгізілді. Толық ақпарат бұйрықтың мәтінінде көрсетілген.

Бұйрық 2026 жылғы 8 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Әр адамға 8 сағат ұйқы қажет емес: маман ұйқы режимі туралы айтты

"Үздік педагог" атағын беру тәртібі: не өзгерді

Елімізде кейінгі бес жылда 5 мың шақырымға жуық теміржол салынды

Қазақстанның 25 көрікті жерінің үздік топтамасы

Алматыда жаңа туған сәбиін тастап кеткен әйел ұсталды